30-қараша «Келiсiм» күні . Осыған орай Халықтар Достығы үйінде ОҚО-дағы түрлі ұлттық мәдени орталық өкілдерінің қатысуымен «Біз қазақстандықтармыз» атты этнографиялық бишілер конкурсы өтті. Бейбітшілік пен этносаралық келісім, ұлттық бірлік сынды құндылықтарды насихаттуға арналған байқауда ынтымақ пен бірліктің белгісіндей болған өңіріміздегі 20 ұлттық мәдени орталықтың өкілдері жиналды.
4 жұп болып өнер көрсететін Леңгір қаласынан келген неміс ұлттық орталықтың өнерпаздары байқауға екі нөмір ала келіпті. Оның бірі неміс халқының ұлттық биі «Башмачок». Аяқтарына ағаштан жасалған аяқ киім киіп билейтін бишілер билегенде аяқ қағысының дауысы бірдей естілу үшін көп уақыт дайындалыпты. Әр бұл олардың сахнаға алғаш шығуы емес.
Ондаған түрлі ұлт өкілдерін бауырына жинап, құшағын айқара ашқан оңтүстік халқы әрдайым көп ұлттылығымен мақтанады. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен оңтүстік халқының ОҚО Ассамблеясының бірлесуімен жыл сайын өтетін байқау биыл да дәстүрден таймады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай облыс әкімдігінен қаржы бөлініп, мәдени орталық өкілдері бишілерінің костюмдері толықтай жаңартылыпты.
Облысымыздың барлық аудандарынан қатысқан байқаудан үздік шығып, бірінші орынды жеңіп алған төлебилік «Өзбек» мәдени орталығының ұжымы болса, екінші орыннан Иран ұлттық орталығының «Шанхинор» бишілер тобы көрінді. Ал үшінші тұғырға «Ынтымақ» ұлтаралық мәдени орталық көтерілді. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.