Оңтүстікте экстремистік ұйымдар мен секталардың әрекеттеріне түбегейлі тосқауыл қойылады. Бұл ең басты бақылауға алынған негізгі бағыт болып отыр. Осыған байланысты оңтүстік баспасөз орталығында интернет конференциясын өткізген облыс прокуроры Берік Құлтасов осылай деді.
Ғаламтор арқылы келіп түскен сұрақтардың негізгісі соңғы бір айда жұртты дүрліктірген даурықпа әңгіме туралы болды. Бала ұрланады, құрбандыққа шалынады деген жел сөзден үрейленіп қалған қауым әсіресе, олардың өз әрекеттерін сайт арқылы астыртын жасауына да алаңдаулы.
Берік Сайлауұлы бүгінге дейін түрлі діни ұйымдардың сайттары жабылғанын ашық айтты. Бұған бас прокуратура да қадағалауды күшейткен. Экстремистік пиғылдағы сайттардың Қазақстандық порталға еніп кетпеуі үшін күнделікті тексеру жүргізілуде.
Өңіріміздегі ахуалдың қауіпсіздігі үшін барлық құқық қорғау органдары жұмылдырылуда. Сондықтан босқа алаңдаудың қажеті жоқ. Бәрі де біздің бақылауымызда деген облыс прокуроры интернет конференцияда белсенділік танытқан тұрғындарға алғысын білдірді.