Футболдан ел Кубогі «Ордабасының» еншісінде (бейне)

257
жанкүйерлер жеңіске сенер емес

«Ордабасы» футболшылары осыған дейін де ел Кубогі үшін сайыстың ақтық ойынына жолдама жеңіп алған болатын. Алайда шешуші матч жерлестеріміз үшін екі ретінде де сәтсіз аяқталған еді. Бұл жолы да ордабасылықтардың жеңісіне көпшілік сене қоймады. Бірақ, қарашаның 13-ші жұлдызы оңтүстік спортының тарихында алтын әріппен жазылды. Бұл күні «Ордабасы» Футбол командасы Қазақстанның Кубогін жеңіп алды.

Бұл жеңіс ордабасылықтар үшін оңай болмады. Жартылай финалда жерлестеріміз Тараздың аяқдопшыларымен кездесті. Сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіліп, шымкенттіктер сүйікті командасының жеңісіне сенімін бір жолата жоғалтан да еді. Өйткені ақтық сынға шығу үшін өз алаңында өтетін тараздықтармен бақ таласта кем дегенде қақпаға екі доп соғуы тиіс болатын. Оның үстіне негізгі құрамның төрт бірдей ойыншысы ескерту карточкасын асыра алып, бұл жолғы ойыннан шеттетілген еді. Қар да жауып, күн суытты.

Алаңды қардан тазартқанымен доп қуалау футболшыларға оңай болмады. Десек те, ойынның алғашқы минуттарынан бастап оңтүстіктің аяқдопшылары тізгінді қолға алып, Қайрат Әшірбеков есепті ашты. Екінші голды Дәуренбек Тәжімбетов салып, есепті еселей түсті.

Дәуренбек Тәжімбетов — «Ордабасы» ФК шабуылшысы: «Ойын қиын болды. Бірақ жеңіске жете білдік. Көңіл күйіміз кереме. Бізге гүл сыйлап, құттықтап жатыр».

Ендігі кезекте қақпаны аман сақтап қалу қажет болатын. Нәтижесінде Бағдаулет Қожабаев үшінші голдың авторы атанып, ордабасылықтар ел кубогі үшін таластың ақтық ойынына жолдама жеңіп алды.

Шешуші матч оңтүстік астанаға жоспарланып, шымкенттіктер қостанайлықтармен ақтық ойында бас жүлде үшін таласқа түсті. Ойын басынан-ақ қос команда да шабуылға көшті. Алайда, қақпаға доп соғылар емес. Бұрыштама көтерілген доп та көздеген бағыттан шет кетіп жатты. Десек те бұл күні матч барысындағы жалғыз допты қақпаға соғу «Ордабасының» ойыншысы Мұхтар Мұхтаровқа бұйырып отыр екен. Есеп 1:0. «Ордабасы» футболшылары алғаш рет жеңіске жетті.

Алматыдағы ақтық ойын аяқтала салысымен-ақ ордабасының жанкүйерлері шымкенттің әуежайында жеңімпаздарды күтіп алды. Гүлмен қоса сүйікті командасының шәлісін де жерлестеріміз қолынан тастамайды. Төбеміз көкке жеткендей дейді оңтүстік жұртшылығы.

Фарида Ирисметова — Фархадбек Ирисметовтың анасы
«Біз бұл күнді көптен бері күттік. Ойынның соңғы минутына дейін теледидар алдынан кетпей отырдым. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Тәңірімнен де сұранып, әсіресе соңғы үш минутты аман есен өткізсе екен деп тіледім. Оның үстіне бұл Фархадбектің өзінің туып өскен өлкесінде жеңіп алған алғашқы жеңісі. Бұл қуаныш біз үшін екі еселене түсті деуге де болады.»

Бұл сәтті шымкенттік жанкүйерлер көптен бері күткен болатын. 20 жылдан астам уақыт бойы оңтүстіктің аяқдопшылары ел кубогіне қол жеткізе алмаған. Бұл жолғы жеңіс — облыс спортының тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Футболшылардың қуанышында шек жоқ.

Асқар Мырзахметов — ОҚО әкімі: «Бұл жеңіс оңтүстік жұртшылығы үшін үлкен жетістік. Жерлестерімді құттықтаймын».

Қазақстан кубогін төбесіне көтерген облыс басшысы аяқдопшыларға сәттілік тілеп, келесі маусымда еуроппалық аренада ептілік танытуларына тілектес екенін де жасырмады. Енді жерлестеріміз демалысқа шығып, клуб басшылығы команда құрамын күшейту бойынша жұмыс жасайтын болады.

Бағлан Ергешов — «Ордабасы» ФК спорттық директоры: «Енді бұл жеңіспен тоқтап қалмай, келесі маусымға жоспар құру керек. 2012 жылы бұдан да биіктен көрінуіміз керек».

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=HyARzY0CZHU[/youtube]