Шымкенттік кеденшілер қытайда жасалған тыңшылық құралдың тағы бір түрін тәркіледі. Жасырын бейнекамераға түсіретін құрал қол сағат үлгісінде жасалыпты. Аудио және видео жазбаларды астыртын жазатын арнайы құрылғы Шымкент әуежайында жолаушыларды кедендік бақылаудан өткізу кезінде анықталған.
Баян Жармұхамбетова, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы: «Қазіргі уақытта аталған мәселе бойынша процессуалдық шешім қабылдау мақсатында кеден қызметінің қызметкерлерімен тексеру шаралары жүргізілуде. Іс толық жиналып, шешім қабылдау мақсатында сотқа жолданатын болады. Қазіргі таңда бұл істің қылмыстық не әкімшілік іске жататыныны анықталу үстінде».
Уақыт өлшеуіш заттар Қытай халық республикасының Үрімші қаласынан ұшып келген екі Өзбекстан азаматының жүктерінің арасынан табылыпты. Негізінен бұл заттарды еліміздің аумағына арнайы рұқсатсыз әкелуге тиым салынған.
Өзбекстандық қос азаматтың бұл әрекеті қылмыстық іс деп табылатын болса ұсталғандар 1,5 млн-нан 4,5 млн теңгеге дейін айыппұл төлейтін болады.