Төрт жыл бойына талай заңды қабылдап тер төккен төртінші шақырылымдағы Парламенттегі төменгі палатаны төрт күнде тарқатып тындық. 53 халық қалаулысы жасаған Үндеу бойынша Елбасы бірден шешім шығара қоймағаны ақиқат. «Кеңесіп пішкен тоң келте болмас» үшін кешегі аптада Сенат төрағасы Қайрат Мәмиді, Мәжілістің басшысы Орал Мұхамеджановты, Президент әкімшілігінің жеткшісі Аслан Мусинді, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовті шақырып, кеңесті. Мәжілісті таратып, сайлау алды іс-шараларды биыл өткізудің қаншалықты ел экономикасына, саясатына тиімділігін байыптады. Сөйтті де, Мәжілісті тарату жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Кезектен тыс сайлау өткізу, Мәжіліске және жергілікті мәслихатқа депутат сайлау 2012 жылдың 15 қаңтары болып белгіленді.
Әрине, елде түрлі пікір бар. Заң шығарушы төменгі палатаны тарату жөнінде өздерінің уәжін Үндеуде түйіндеп жазған 53 депутаттың пікірімен келіспейтіндер табылуда. Олар: «Тарататын болса, дәл осы мәселені Ирак Елекеев мамыр айында көтергенде неге қаперге алынбады?» дегенді алға тартады. Ол жайлы сәл кейінірек. Алдымен төрт жылдан астам уақыт бойы заң шығарушы органның төрінде отырған төртінші шақырылымдағы Мәжілістің еншісінде не бар? Осы депкорпустың қолтаңбасы дейтіндей қай заң есімізде? Соны саралап көрсек.
Төртінші шақырылымдағы Мәжіліс өз жұмысын 2007 жылдың 1 қыркүйегінен бастаған-ды. (2012 жылдың тамызына дейін жұмыс жасауға құқықтары бар еді). Бұрынғысын айтпағанда осыдан аз уақыт бұрын қабылдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. Сосын дәл осы депкорпус әлеуметтік мәселелерді қызыл кеңірдек болып талқылағаны бар. Мысалы, тұрғын үй, оны модернизациялау, жалға беру, инновациялық үдемелі даму жобаларына қатысты мәселелерді айтуға болады. Сонымен бірге «түкірік» төңірегінде есімі ел есінде қалып қоятын Бердіоңғаровтың, «қазақ тілін білмеймін» деп, онысын мақтанышпен айтқан Нехорошевтің Ұлттық банктің төрағасын Парламентке «келтіре алмаған» Қасымовтың, «еркектерге екі әйел алуға рұқсат беретін заң қабылданса, әйелдерге де екі күйеуге тиюге рұқсат берілсін» деп айқайлаған Б. Сыздықованың есімін ел біле жүретін болды. Түркістандағы Қожа Ахмед Яссауи кесенесінің апатты жағдайда тұрғанын айтып мәселе көтерген, мемлекеттік тілдің сойылын соққан Р.Халмұрадовты, ұлттық ар-ождан, мемлекеттік мүдде, ұлттық тәлім-тәрбие, оқулық, қазақ киносы тақырыптары көтерілгенде өзіндік пікірін ашық айтқан Б.Тілеухан, Н. Сабильянов, У. Қалижан, А.Момышевтің да ел есімін, түр-тұлғасын танып жатты.
Ең бастысы бұл депкорпус әлемдік дағдарысты еңсеруге, ТМД-елдері арасында алғашқы болып қолға алынған Ресей, Беларусь елдерімен кедендік одақ құру мәселелеріне де елеулі үлес қосты. Төрт жылдың ішінде Мәжілісте 500 — ден астам заң жобасы талқылауға түсіп, мақұлданған. Депутаттардың айтуынша оның 400 — ден астамына Елбасы қол қойған. Яғни қолданысқа енген осыншама заңда осы депкуорпустың қолтаңбасы бар. Бірақ…саясаткерлердің пікірінше, бұл Мәжілістің мүлт жіберген жері лаңкестік әрекетке қарсы тойтарыс берерлік бастама көтере алмауы болып отыр. «Ақтөбедегі, Атыраудағы лаңкестік әрекеттерді болдырмауға болатын еді, ақырында Тараздағы жағдайдан соң барып, ұлттық қауіпсіздік шараларын күшейттік. Қарапайым халықтың аманатын арқалап отырған халық қалаулылары осындайда Үкіметтің алдына нақты талап қоя білгені жөн еді» дегенге келіп тоқайласады олардың пікірі. Ең бастысы «Үкіметке қарап отыратын емес, Үкімет жалтақтайтын Мәжіліс керек.» Көптің көкейінде осы тұр.
Сонымен бірге бұл Мәжілісті таратуға түрткі болған жәйт — Конституциямызға енгізілген өзгертулер. Мақсатымыз көппартиялық Мәжіліс құру. Сәл нәрсеге салыстырмалы дәйек іздейтін саясаткерлер дәл біздегідей әлемнің өзге елдерін, мәселенки, Қытайды, Сауд Арабияны, Түркіменстанды мысалға келтіреді. Оларда да конституциялық өзгерістерге қарамай-ақ, заң шығарушы органда бір партиялық жүйе қалыптасқанын айтады. «Құда да тыныш, құдағи да аман» дегенді айтқысы бар. Дегенмен, зайырлы мемлекет орнатуды о бастан мақсат тұтқан Қазақстан жаңа он жылдықты жаңаша бастауға бел буып отыр.
Экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шештік, әлемдік дағдарысты еңсердік дегенмен, дағдарыстың тағы бір толқыны келе жатқанын қазір елден жасыруды қойдық. Соңғы апталарда орын алған террорлық жағдай да көп нәрсенің назардан тыс қалғанын көрсетіп кетті.
Жаңа Мәжіліс қандай болады?
Алдымен бұл жолы Мәжілістің көппартиялы болатындығы анық. Қазірдің өзінде «Нұр Отанға» «Ақ жол» партиясы бәсекелес бола алатындығын, аз да болса Мәжілістен олар да өз орнын алуға толық мүмкіндіктері бары айтылуда. Елімізде тіркелген 9 партияның қай-қасысы болмасын бәйгеге өз атын қосудан кетәрі емес. Айтпақшы, Қазақстанның Коммунистік партиясы сайлауға қатыса алмайды. Сот шешімі бойынша оның қызметі уақытша тоқтатылғандықтан. Cаясаткерлер әзірге «бәрібір Мәжілістің 80 пайызын «нұротандықтар» құрайды» деген болжам келтіруде. Кім біледі, о жағын қаңтардың 15-інен кейін нақты білетін боламыз.
Сайлаудың да өз тәртібі, талабы бар. Ең алдымен депутат болатын азамат жасы 25-ке толған, соңғы он жылда Қазақстанда тұратын, сотталмаған болуы керек. Сонымен бірге Парламент Мәжілісіне үміткерлер партиялық тізіммен түседі. Қазір бұл сайлауды өткізуге 2012 жылдың бюджеті есебінен 8 млрд. 180 миллион теңге бөлу қарастырылуда. Айта кетейік, бұл жолы да Мәжіліс депутаттарымен қатар жергілікті мәслихат депутаттарын сайлайтын боламыз.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов өткен аптада ҚР Сайлау туралы заңының 87 бабы 5 тармағына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттағына кандидаттарды ұсыну басталғанын хабарлады.
Айта кету керек, таратылған төртінші шақырылымдағы Мәжілісте біздің облысымыздан сайланған 11 депутат бар болатын. Келесі сайлауға оның қаншасы, кімдер қатысатыны елді қазірден-ақ қызықтыруда.
Айтпақшы, сайлаудан соң Үкіметте үлкен өзгеріс болғалы тұр. Жаңа онжылдықтың бастауын Үкіметтегі жаңа ауыс-түйістермен қарсы алатынымыз қазірдің өзінде аңғарылуда. Саясаткерлер 2012 жылдың ақпан-наурыз айларында кадрлық өзгерістер орын алатынын болжауда.
Ж.Шалабаева.
«Оңтүстік Рабат» газеті. №47, 23-қараша
Берік Торғауытов, ОҚО
— Облыстың барлық учаскелік сайлау комиссиялары бұл сайлауды өткізуге дайын тұр. Бұған дейін жұмыс істеп келген 1038 учаскеге қосымша тағы бірнеше бекетті ашқалы отырмыз. Заңға сәйкес Мәжіліс депутаты болғысы келетін үміткерлер партиялық тізіммен ұсынылуда. Өзін-өзі ұсынатындар да болады, әрине. Сайлау алды жұмыстары заң талабы аясында жүзеге асатынына сенімдімін.