Күні кеше таңғы сағат 10-30 дан 11-15-ке дейінгі үлкен кернеулі электр жүйелерінің сөндірілуіне байланысты қала аумағында орналасқан барлық жылу қазандықтары мен сорғыш станциялары уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, шаһардың барлық тұсында жарық сөніп қалды. Гидравликалық соққының салдарынан қаланың солтүстік бөлігінде үй ішілік жүйелерінде 23 ақау тіркелген.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша Экібастұздан тартылған «500-ші Электр желісі» «KEGOK» тарапынан толық өшірілген. Соның салдарынан Қызылорда, Шымкент, Тараз Алматы облыстарында жарық 1 сағаттан астам уақытқа сөніп қалған. Аталған оқыс оқиғаға қатысты ОҚО әкімдігінде шұғыл жиын өтті. Қазір арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, ахаудың болу салдарын анықтап жатыр.
Шымкентте электр энергиясы 100 пайыз өшті. Табанда орын алған тапшылықтың салдарынан қаладағы жылу жүйелері толық істен шыққан. Тіпті кейбірі қатты зардап шегіпті. 19 жерде ішкі орамдық жылу жүйелері жарылып, 110 үйдің ішкі жүйелерінде ахау пайда болған. Сол заматта қала бойынша шұғыл 17 бригада жасақталып іске кіріседі. Қазір шаһардың оңтүстіктік бөлігінде орын алған 87 ахаудың 21 ғана жөндеусіз қалыпты. Қалғаны толығымен қайта іске қосылған. Ішкі жүйелерден 18 бұзылудың 15 қайта жөнделіпті. Ал солтүстік бөліктегі 23 үйдің ішкі жүйесінде тіркелген ахаудың 3-уі қалды. Қазір гидравликалық режимді қайта іске қосу мәселесі қаралып жатыр.