Оңтүстіктің ең үздік мұғалімі Кентаудан

Алматыда өтетін республикалық байқауда оңтүстіктің намысын Ақмарал Көбекова қорғайтын болады. Облысымыздың ең үздік мұғалімі- Кентау қаласының биология пәнінің ұстазы. Ал бірінші орын Шымкенттік № 65 мектеп гимназиясының мұғалімі Ақсымбат Үсенованың еншісінде.

Облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында ұстаздардың кәсіби деңгейін, әдістемелік жаңа технологияларды игеруін бағалау және шығармашылық әлеуетіне қолдау көрсету мақсатында «Жылдың ең үздік мұғалімі» байқауы болып өтті.

Жомарт Мыңбаев, Отырар ауданының ұстазы:
— Шығармашылық тақырыбым-«Биоинформатика технологиясы негізінде оқушылардың өзіне деген сенімін, білімін, ізденісін дамыту деп аталыд. Яғни, оқушылардың өз бетінше ізденуі, білімін жетілдіруіне сыныпта, психологиялық ахуалдың қарым-қатынасын, көзқарасының дұрыс қалыптасуына әсері. Байқауда өз тәжірибеммен бөліскім келді. Өзге ұстаздарды да жаңалығын түртіп алдым.

Бұл байқау көзіміз үйренген жарыстардан өзгеше болды десек қате айтпаспыз. Ән мен күй, өнер емес, сайыстың барлық бөлігі ғылыми-әдістемелік ізденіске арналыпты. Өңіріміздің барлық ауданынан келген 14 үміткер — ұстаз ортаға шығып, өзінің шығармашылық жаңалығымен бөлісті.  Әрқайсысы мектепішілік, ауданындық сайыстардан оза шауып келгендер.

Ең үздік маманды анықтау үшін олар мектептерде өткен ашық сабақтардың бейнетаспасын ұсынды және ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Әрі 10 минутта сабақ процесі туралы өз ойын әділ-қазыларға жеткізуі керек еді. Бұл байқауды ұйымдастырушылар 12 жылдық оқу жүйесіне өтуге дайындық ретінде де қарастырыпты. Байқау қорытындысы бойынша жоғары бағаланған жұмыстарды саралап, педагогикалық іс-тәжірибелері өзгелерге насихатталды.

Сөз соңында айтарымыз. Бұл байқаулардың барлығына уақыт тауып қатысып отырған ұстаздар еліміздің болашағын ойлайтын, ғылым мен білімді жетік меңгерген саналы азаматтарды тәрбиелеп шығаруда аянып қалмас.