Соңғы жарты жылда кейбір мемлекеттік мекемелерде пара алу фактісі азайыпты. «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалында өткен «сыбайластық жемқорлыққа қарсы» форумының отырысында осылай деп мәлімделді. Жиынға қала, аудан басшылары мен құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.
Жыл басынан бері «Нұр Отанның» қалалық филиалы саяси жұмысын жемқорлыққа қарсы бағыттапты. Филиал төрағасы Өмірзақ Мелдехановтың айтуынша, нәтиже теңізге құйған тамшыдай болса да, індетті ауыздықтау мүмкін бола бастапты.
Басқосуда осы мәселемен тікелей айналысатын қоғамдық кеңестің өкілдері сыбайлас жемқорлық бойынша нақты тіркелген олқылықтарды тізбектеп шықты. Өкінішке орай, сол тізбекте сыналған өкілетті орган басшылары осы отырыста төбе көрсетпеді.
Қосымша ақпар айта кетейік, жыл басынан бері партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне қала тұрғындарынан 225 жазбаша, 510 нан астам ауызша арыз-шағымдар келіп түсіпті. Талап тілектер негізінен қоғамдық тәртіптің әлсіздігі, күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбатшылығы, сыбайлас жемқорлық секілді мәселелерді қамтиды.
Жиында құқық бұзушылыққа қатысты бірнеше факті мысалға келтірілді. Кейбір өкілетті орган өкілдері сыналды. Енді біріне мін тағылды. Лайым осыдан кейін нәтиже оңалса игі.