ОҚО полицейлері екі адам өлтірген қылмысты ашты.
9- желтоқсан күні Сарыағаш АІІБ-ның кезекші бөліміне, аудандағы үйлердің бірінде, атыс қаруымен өлтірілген белгілері бар, 45 жастағы әкесі мен 18 жастағы баласының өз үйінде мәйіттері жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған.
Полиция қызметкерлері оқиға орнын тексеру барысында жәбірленушілердің бытыра оғынан ішінен және басынан алған дене жарақаттарының салдарынан қаза болғанын анықтады.
Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдікті ретінде 21 жастағы Өзбекстан Республикасының тумасы анықталып, ұсталды. Күдікті кінәсін толық мойындады.
Күдіктінің айтуы бойынша, ол қаза болғандардың үйінде қой бағып жұмысшы болып жүрген. Олардың ұйықтап жатқанын пайдаланып, үй егесінің 16 калибрлі аңшы мылтығын алып, атып кеткен. Содан соң, үйдегі ақшаны және заттарды алып оқиға орнынан бой тасалаған. Алған дене жарақаттарының салдарынан ер азаматтар оқиға орнында қайтыс болған.
Осы жәйт бойынша ҚР ҚК-нің 96-бабы «кісі өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.