Азаматтардың үй кітапшаларына қайта тіркеуге тұруы не үшін қажет деген сұраққа мамандар жауап берді. Жеке сәйкестендіру нөміріне қосымша үй кітапшаларының тіркелу мәселесі жағдайды біршама күрделендіріп жібергені рас. Үй кітапшасымен әрбіріңіз өз ауданыңыздағы халыққа қызмет көрсету орталығына барсаңыз да болады, дейді мамандар.
Қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының №4 -ші филиалында сонар кезек жоқтың қасы. Мұнда тұрғындарға қызмет санаулы минуттарда көрсетілуде. Азаматтардың арасында облыстық халыққа қызмет көрсету орталығында сарсылып, кезекте тұрып, осында келгендер бар болып шықты.
Азамат: «Мен алғашқыда облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Кезектегілер мекенжай бойынша да қайта тіркеуден өтуге болатынын айтты. Келсем, бұл жерде кезекте ұзақ тұрмадым. Барлығын бір сәтте өттім.»
Үй кітапшаларын қайта тіркету бойынша шенеуніктер басқа термин пайдаланып әлек. Бұрын жария етілгендей енді әңгіме қайта тіркеу жөнінде емес, деректерді нақтылау бойынша айтыла бастады. Құжаттарда өңделмеген тұстар жетерлік деп мәлімдеген халыққа қызмет көрсету орталығындағылар электрондық базада да қателіктер барын жасырмайды.
Зүбайра Нақыпбекова, маман: «Мәселен мынадай оқиғалар орын алуда. Азматтың қолында жеке куәлігі бар, алайда ол үй кітапшасында тіркелмеген. Сондықтан да ол азамат өзін тіркетіп, нақтылауға орталыққа келуі тиіс. Ал мерзіміне қатысты. Егерде үлгермесеңіз, саспаңыз. Кейін келуге де болады.»