Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне орай, Шымкент қалалық Әділет басқармасы салтанатты тіркеу рәсімін өткізді. Облыстық опера және балет театрында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада жаңа туылған сәбилерге туу туралы, жас жұбайларға некені тіркеу туралы куәліктері табыс етілді.
Еліміз үшін мерейлі жылда дүние есігін ашқан қос сәбиге алғашқы құжаттары салтанатты түрде табыс етілді. Тек бұл ғана емес, Шымкент қалалық Әділет басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада жас жұбайлардың некесі қиылып, 20 жылдан бері отбасының түтінін түзу түтетіп келе жатқан, жарасымды жанұяға да марапат жасалды.
Ел Тәуелсіздігін алған жыл, яғни 1991 жылы шаңырақ көтерген Айхинбаевтар жанұясы үшін биыл мерейлі жыл. Жұбайлық өмірдің 20 жылдық, алқызыл тас тойын тойлап жатқан отбасының тұңғышы 16 желтоқсанда 20-ға толып отыр.
Тәуелсіздіктің тойы бүкіл ел үшін үлкен мереке екендігін бұл салтанатты жиын тағы бір дәлелдеді. Өйткені 20 жылдықтың әрбір қазақстандықтың тағдырында алар орны ерек.