Жаңалықтар 

Ел ағасы Зауытбек Тұрысбеков 60 жаста

Зауытбек Тұрысбеков! Бұл Оңтүстікке, бүкіл Қазақстанға танымал, сондай — ақ шетел жұртшылығына да белгілі тұлға. Бейнелеп айт десеңіз, оны мінсіз салынған ғимаратқа теңеуге болар еді. Қай жағынан қарасаң да көзің қуанып, көңілің тоғаяды. Сан қырлы. Бірақ біз бүгін кейіпкеріміздің бір — екі, яғни Оңтүстігі мен Солтүстігі тарабын ғана тілге тиек ете алдық. Әр тарабын толғауға газеттің мүмкіндігі жоқ.

Қазақстан тәуелсіздік алысымен көршілер сияқты шайқатылып жүріп алмай, бірден нарықтық қатынастар орнатуға кірісті. Сонда, жоғарыда біз айтып өткен түйіткіл тағы алдан шықты. Ең қиыны «біртұтас кеңес халқы» ана республикада да,мына республикада да қақ жарылып, бөлшектеліп, ұлтаралық қақтығыс, тіпті соғыс өрті тұтанды( ол әлі өшкен жоқ). Көпұлтты қазақ КСР-інің қақ былай қалып, қырық жарылуы әбден мүмкін — ді. Бұл орайда Елбасы көрегенділік танытты. Шыңдалған басшы, саясаткер екенін көрсетті. Ол, әрине, жалғыз емес еді, сенімді тұлғалары тез өсіп, қалыптасқан. Солардың бірі, айталық, жерлесіміз Зауытбек Тұрысбеков болатын, Ол қиын кезеңде ортасынан суырылып, жұлдызы жарқырай алға шықты.

Олай болатын жөні бар, әрине. Туған ұясы, өскен ортасы, өмір мектебі, білім — біліктілігі, т.б айтпағанның өзінде мінезі мен түр — тұлғасы соған лайық емес деп, ешкім айтпас — ау. Қазіргі тілмен айтқанда, харизмасы көзге ұрып тұрған жанның өтпелі кезеңде бұғып қалмай, атойлап атқа қонуы ішкі интуиция мен қуаттың молдығын көрсетсе керек.

Басшылық қызметте ысылып үлгірген З. Тұрысбеков суырылып алға шықты. Қай істен де тайсақтамады. Оңтүстіктің халқын да, тарихын да бір кісідей біледі.Орысшасы орыстан, қазақшасы қазақтан жақсы. Бір сөзбен қайырғанда, уақыт Тұрысбеков сынды кадрларға жұмыс істеп тұрды. Шынын айтқанда Закең социализм заманында да жерде қалмас-ты. Сатылап тез-тез өсіп келе жатқан: Отызға жетер жетпесте аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аупарткомның екінші хатшысы міндеттерін атқарды. Одан ауаткомды басқарды. Ұзамай аупатркомның бірінші хатшысы, Түлкібастың алғашқы әкімі болды. 1992 жылы — облыс әкімінің орынбасары, 1993 — тен бастап — бірінші орынбасары.

1993 жылы З,Тұрысбеков ҚР Президентінің жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының — жарты патшалықтың әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл бір республика, әсіресе облыс тарихындағы ең қиын да жауапты кезең еді. Шымкенттегі жағдайды көзбен көрмесек те, дүмпуі Алматыға жетіп жатты. Телевизордан жарықсыз,газсыз, жылусыз қалған Шымкент тұрғындарының бес қабатты үйлердің алдынан жер ошақ қазып, тамақ пісіретінін көрсетіп, таң қалдырғаны есте. Бір жазушы әріптесіміздің «Үй суық, қабырғалар зәктеп кетті, кітаптарым көгеріп, бүлініп бітті» деп, жыларман болғанын да ұмытқанымыз жоқ. Ол тұста Алматыға да қиын тиген шығар, бірақ басшылар да, тұрғындары да дәл шымкенттегідей қиналмағаны шындық.

Басқа да толып жатқан қиындықтарды (айлық жоқ, зейнетақы жоқ, жәрдемақы жоқ, шәкіртақы жоқ…жоқ пен жоқ өңкей) жұрт біледі. Бюджеттің де қалтасы шұрқ тесік онда (Беріде, Шүкеев пен Әшімовтың тұсында ғой,» ОҚО бюджеті Қырғыз Республикасының бюджетінен қомақты, көп екен» деген сөздің шыға бастағаны…) Осындай жағдайда да Сырдың суы жаңа әкімнің сирағынан да келмепті-ау қарап отырсақ. Жалпы ол орынбасар кезінде — ақ бірінші боларын білгендей, соған сенгендей батыл қимылдапты.

Белгілі жазушы М. Байғұт өзінің «Ақтолғай » кітабында орынбасар З.Тұрысбековтың сайлауға түсер алдындағы бір іс — әрекетін былайша суреттепті :
«Біз мемлекеттік биліктің күшін танытуға тиіспіз.
Аппарат жұмысқа жұмыла кіріссін.
Газ мәселесін шешуіміз керек.
Мен ұтылсам, осы отырған бәріміздің, бүкіл аппараттың ұтылғаны.Президент командасының ұтылғаны.
Әрбір адамның дауысы үшін күресуіміз керек».

Осы кітабында Тұрысбековты жұрттың айтуымен емес, өз пайымы арқылы білетін автор тағы бірде былай деді:
» … қиын түйіндерді шеше білді . Кейін шешпесе — дағы шегіндіре білді. Сөзбен демеді. Уәдемен жебеді. Жалындай білді».
Жоғарыдағы пікірлердің растығына біз де қол қоямыз. Қосарымыз да баршылық. Өткен жиырма жылда облысты сегіз әкім басқарыпты.Солардың ішінде Тұрысбековтың жүгі ерекше ауыр болғаны талассыз.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz