Жаңалықтар 

Мұғалімдерді отынға жұмсаған директор қызметінен босатылды

Жұмыс уақытында мұғалімдерді отынға жұмсаған мектеп директоры қызметінен босатылды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жаңалықтарымызда Бәйдібек ауданындағы Алмалы орта мектебіне отын әкелеміз деп тауға кеткен бір топ ұстаздың жол апатына ұшырап, салдарынан бір мұғалімнің мерт болғанын айтқан болатынбыз. Оқиғаға бір ай өтсе де мектеп директоры Үміт Бейсеноваға ешқандай шара көрілмеген еді. Бірақ біздің арна мен сайтта көрсетілген бейнематериалдан кейін бұл мәселеге қозғау салынды.

Қарашаның қара суық күнінде орын алған жазатайым жағдай мектепке отын әкелу борышынан басталған еді. Бәйдібек ауданындағы Алмалы орта мектебі мұғалімдерінің бұл жыл сайынғы жұмысы болатын. Салдары адам өлімімен аяқталды. Бірақ мәселеге кінәлі емеспін деп ат-тонын ала қашқан мектеп директоры жағдайды одан әрі ушықтырған болатын.

Мұғалімдердің жазатайым жағдайға ұшырауына мектеп директоры кінәлі. Облыстық еңбек инспекторларынан құралған комиссия арнайы зерттеуден соң осындай қорытынды шығарды. Өйткені, жол апаты жұмыс уақытында болған. Оған қоса, енді Үміт Бейсенова аудандық прокурорлардың ұсынысы бойынша, Алмалы мектебінің директоры емес. Ал зардап шеккендерге көмек көрсетіледі.

Бастар ЕСҚАРАЕВ, ОҚО бас мемлекеттік еңбек инспекторы: “Жұмыс беруші тарапынан Н-1 үлгідегі акті толтырылды. Бұдан былай жұмыс беруші тарапынан зардап шеккендерге, оның ішінде жарақат алғандарға да, қайтыс болған мұғалімнің отбасына да тиісті жәрдемақы төленетін болады. Жұмыс беруші оны қай көзінен төлейтінін өзі шешеді».

Айта өтейік, марқұм болған ұстаздың артында әлі мектеп жасына толмаған үш баласы қалды. Ал ауыл қара домалақтарының енді, ағылшын тілінен қашан тіл сындыратыны белгісіз. Себебі, Әзілхан Мыңбаев бұл елді-мекенге келуге келісімін берген санаулы мұғалімдердің бірі болатын.

Related posts

Пікір қалдыру

1 пікір - "Мұғалімдерді отынға жұмсаған директор қызметінен босатылды"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын

Оңай құтылыпты! Бастықтың бастықтарымен қоса жауапқа тарту керек еді!
“Қысқа сақадай саймыз” деп есеп тапсырғанда алдарына жан салмайды!

wpDiscuz