Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы заңын қабылдады.
Аталған құжаттың мақсаты телерадио хабарларын тарату қызметін жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарды реттейтін нормаларды заңнамалық бекіту, телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау болып табылады.
Бұл ретте құжат арқылы республика халқын эфирлік цифрлық телерадио хабарларын таратумен толық қамту, телерадио хабарларын тарату саласында бірыңғай нормативтік құқықтық базаны жетілдіру көзделеді. Эфирлік цифрлық, кабельдік, жерсеріктік және телерадио хабарларын таратудың басқа да түрлерінің бірыңғай стандарттары мен параметрлерін қалыптастыру, отандық телевизия және радиоарналарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді.
Бұдан басқа, уәкілетті орган шетелдік және отандық телерадио арналарды есепке қоюды жүзеге асырып, телерадио хабарларын таратушы операторлар ғана лицензияланатын болады. Бұдан бөлек, құжатта отандық теле-радиоарналардың контентінің сапасы мен құрамын жақсартуға және жер үстіндегі жерсеріктік қабылдағыш құрылғыларды сертификаттауға ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдердің психикалық және имандылық тұрғыдан дамуына зиян келтіруі мүмкін ақпаратты шектейтін нормалар да құжатта қамтылып отыр.
Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар құжатқа бірқатар өзгерістер енгізген болатын. Атап айтқанда, депутаттар біліктілік талаптарын айқындау, міндетті телерадиоарналарының тізбесін қалыптастыру бойынша конкурс өткізу, жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді конкурстық негізде бөлу, отандық және шетелдік телерадиоарналарды есепке қою секілді мәселелер бойынша Үкіметтің және осы саладағы уәкілетті органның құзыреттерінің аражігін ажырату жөнінде түзетулер енгізді.
Сондай-ақ, шет елдегі қандастарымыз үшін мемлекеттік тілді дамыту және елден тысқары жерлерде жүрген қазақ тілді халықты ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында отандық телерадиоарналарды шетелдік аудитория үшін трансляциялау нормалары енгізілген.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.