Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімі бойынша 5-желтоқсан халықаралық еріктілер күні етіп белгіленген. Осыған орай түрлі елдерде бұл күні еріктілердің жаппай слеті өтті.
Шымкенттік белсенді жастар тобы да мереке күні бас қосуды ұйғарыпты. «Алем», «Достар» тағы өзге де қоғамдық жастар ұйымының мүшелері ауа райының суықтығына қарамастан атаулы датаны атап өту үшін саябаққа жиналды. Қаламыздағы көптеген ЖОО-ның студенттері мұнда асқан қызығушылықпен келген. Олар енді ойланбастан еріктілер ұйымында көптеген шараларға қатысып, белсенділік таныта алады.
Орталық Тәуелсіздік саябағында топтана жиналған 50-ге жуық жастардың іс-әрекетіне таңырқай қарағандар да болды. Олар «Еріктілер әлемді өзгертеді» сынды мәтіндер жазылған плакатты шарға орап, аспанға ұшырды.
Плакат ілінген шар аспанға қаншама адамның тәтті тілегі мен арман-мақсатын ала ұшты. Жүргіншілерге тәжірибелі өз еркімен жұмыс жасайтындардың ақыл-кеңесі жазылған парақшалар таратты.
Ал еріктілердің дені БҰҰ арнайы бағдарламасымен өзге де елдерге сапар шегіп, көмекке зәру түрғындарға қолұшын созғысы келетінін жеткізді.