Бірер күннен бері жүргізушілер бензин таппай бүкіл қаланы шарлап шығатын болды. Қолма-қол ақшаға есептесетін шымкенттіктер қазір талонсыз тауқымет тартып жүр. Ал пысықай кәсіпкерлер осы кезеңді пайдаланып, бензин бағасын көтеріп те үлгерді.
Қаланың қай бұрышындағы бекетке барсаңыз да, бензин жоқ немесе талонмен деген жауап аласыз. Тек санаулысында ғана жанармай сатылып жатыр. Бекетте түске дейін бензин құюға мүмкіндік бар. Ал түс қайта бос қайтасыз. Заңды тұлғалар ғана өзінің қолындағы талонмен сұйық отын ала алады. Осындай күрделі ахуалды ескерген жұрт таңертеңмен келіп, ұзын-сонар кезек күтіп тұр.
Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса. Министрлік пен облыстық қауымдастыққа бағынбайтын бекеттер осылайша білгенін жасап жатыр. Кеше 108, бүгін 110 теңгеге бағаны көтерген пысықай кәсіпкерлер кәдімгі аукцион жасап жатқандай. Бірақ бұл жағдай жуырда реттеледі деп жұбатады мамандар.
Бір қызығы, бұл жағдайды қадағалайтын құзырлы органдардың құрығы мұндай қысқа болып жататыны бар. Министрліктің талабына таңауын көтере қарайтындарды табиғи монополияны реттеушілер тіпті, байқамаған да. Әйтпесе, министрдің өзі бағаны бекітіп берген болатын.
Не болса да, Шымкентте жанармай тапшылығы жиі орын алатын болды. Бекеттерде сағаттап кезек күткен жұрт шықпа жаным шықпа деумен келеді.