ҚР Білім және ғылым министрінің сөзіне қарағанда, 2011 жылы еліміз бойынша 12 жоғары оқу орнын жабу жоспарланған. Себебі Білім және ғылым министрлігі жүргізген зерттеудің нәтижесінде кәсіптік және жоғары білім жүйесінде бірқатар кемшіліктер анықталып отырған көрінеді. Оған қоса, Қазақстанда жоғары білімді, бірақ жұмыссыз кадрлар өте көп. Бүгінгі таңда жастардың көбісін техникалық және кәсіптік білім мамандықтарына баулып жатса да, олардың әрбір екіншісі мамандықтары бойынша жұмыс істеудің орнына, жоғары оқу орындарына түсіп, сырттай екінші мамандық алуда.
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Білім және ғылым министрі:
«Қазіргі уақытта Қазақстанда барлығы 148 жоғары оқу орны бар. 3-4 жылдан кейін олардың санын 100-ге дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Шамамен 20 оқу орындарына қатысты оларды жабу немесе колледжге ауыстыру мәселесі туындап тұр. Одан кейінгі жылдарда да қандай оқу мекемесі оңтайландыруға ұшырайтындығы жыл-жылға бөлініп орындалады.»
Бас мұғалімнің мәлімдеуінше, үлгерімі әлсіз жастардың көбісі жоғары білім алу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді айналып өтіп, сырттай оқуға түседі екен. Содан барып, жоғары білімді, бірақ сапасы төмен кадрлардың саны күрт өсіп кетеді. Бұл ел экономикасына барынша кері әсер етеді. Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік үйлестіру шараларының бірі ретінде кәсіптік және жоғары білім жүйесіндегі сапаны арттыру жөніндегі іс-шаралар Жоспарын ұсынып отыр.
Жоспар жоғары оқу орындары желілерін оңтайландыруды, сырттай оқитындардың үлесін төмендетуді және керісінше, техникалық және кәсіптік білім алушылардың контингентін ұлғайтуды қарастырмақ. Бұл жоспармен арнайы танысып шыққан Премьер-министр Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрлігіне «оңтайландырылып жатқан жоғары оқу орындарының студенттеріне ерекше назар аударуды» тапсырды. «Олар зардап шекпей, оқуларын басқа жоғары оқу орындарында жалғастырулары керек»,- деп атап айтты.
Сондай-ақ, министрлік сырттай оқу бөліміне орта мектеп түлектерін қабылдауға тыйым салуды ұсынды. Сырттай оқу бөлімінде екінші, үшініші мамандық бойынша оқуға рұқсат. Осы уақытқа дейін кәсіби-техникалық білім алғандар мен колледж түлектері жоғары оқу орнына емтихансыз қабылданатын. Бұл жағдай сапасы төмен мамандарды дярлауға әжептеуір үлес қосқан көрінеді.
Лесбек Тәшімов, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры:
» Министрдің ұсынысы орынды. Оның біздің университет студенттеріне тиетін кесірі жоқ. Біз халықаралық университет болғандықтан министрлікке емес, Үкіметаралық өкілетті кеңеске бағынамыз. Өкілеттікте екі елден бес адамнан құрылған арнайы комиссия жұмыс атқарады. Солар не шешсе, сол болады. Сондықтан біз ол қысқартудың тізімінде жоқ екенімізді сеніммен айта аламын. Ал сыртай оқытуға келетін болсақ, көпшілік білетін шығар қазақ-түрік университеті осымен екінші жыл мектеп бітіруші жас түлектерді сыртай оқуға қабылдап жатқан жоқ. Тек колледжді бітіргендермен, екінші мамандыққа тапсырғандарды ғана қабылдап жатыр. Оның да саны жыл өткен сайын азайып отыр. Былтыр 750 студент қабылдасақ, биыл тағы азайтамыз. Өйткені біз қашықтықтан оқыту жүйесіне біртіндеп көшіп жатырмыз. Бізде ол үшін арнайы жабдықталған аудиториялар мен бағдарламалар бар. Ал бүгінгі таңда сырттай білім алып жатқан студенттер еш қам жемесін, олар оқуын кедергісіз бітіріп, қолдарына дипломдарын алады.»
Қайтсек, білім сапасын көтеріп, білікті мамандарды даярлаймыз деген басшылықтың бұл ұсынысын қарапайым халық қалай қабылдайтыны алдағы уақыт еншісінде. Ал оқып жатқан оқу орындары қысқартуға ілігіп, сырттай оқудың мазасы қашатын болса, бүгінгі студенттердің жағдайы не болмақ? Дәл осы сауалды облысымыздағы бірнеше университет пен институт басшыларына қойып көргенімізде, ректор мырзалар «жанымыз жаңалыққа үйреніп қалды, одан неменеге шошимыз» деп отыр. Оның үстіне бұл білім министрінің ұсынып отырған жоспарын әлі пысықтау керек дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Мақала астына өз пікіріңізді қалдырыңыз.
Оңалбек Аяшев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институттың ректоры:
» Педагогикалық институт 28 мамандық бойынша мамандар даярлауда. Кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Профессор-оқытушылар құрамының ғылыми мүмкіндіктері жоғары. Сондықтан сапалы білім беру жолында еңбек етіп жатқан біздер білім министрінің көтеріп отырған жаңа бағдарламасын қолдаймыз. Менің ойымша, бұл оңтайландыру жұмысын жоғары білімді бизнеске айналдырып отырған оқу орындарынан бастау керек сияқты. Сырттай оқитын студенттері күндізгі бөлім студенттерінен үш-төрт есе көп университеттер бар. Міне солардан бастасын. Қазір «шаш ал десе, бас алатын» заман емес. Бас салып, сырттай оқуға мектеп бітірушіні қабылдамаймыз десек те болмайды.»