ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутат Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдады.Елбасының тапсырмасына сәйкес «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айта келе сенатор
«Дегенмен, халық санының тез өсуіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей келеді. Бүгінде, Түркістан қаласында 142 мың халық тұрады. Оның 77 мыңы немесе 55 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген» деді.
Бұл мәселені шешу мақсатында жалпы құны 1 754 млн. теңге болатын 8 сақиналы тораптық магистралды су жүйесінің жоба-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққан. Ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетіне тапсырылған.
«Алайда, белгісіз себептермен бұл жобаны қаржыландыру 2012 жылдың жоспарына енбей қалып отыр. Ал, қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, бірінші кезекте жоғарыда аталған 8 сақиналы тораптық магистралды су жүйесі құрылысын жүргізбей, ішкі су жүйелерінің жобаларын жүргізу мүмкін емес. Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы мен елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде 1 754 млн. теңге қаржы бөлуге көмектесуіңізді сұраймын», — деді Қ. Айтаханов.