ОҚО Қазығұрт ауданында әлеуметтік маңызы бар екі нысан халыққа пайдалануға берілді. Біріншісі Тұрбат ауылдық округіне қарасты Өндіріс ауылын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған нысан. Осыдан бір жыл бұрын облыс басшысына су жоқ деп мұңын шаққан тұрбаттықтардың бүгінгі көңілі тоқ.
Өйткені, 454 отбасына баратын ауызсудың құбыры іске қосылды. Әр көшенің басына емес, әр үйдің ауласына дейін кіріп тұрған ауыз су мәселесін шешуге облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген.
Жүргізілген су құбырының жалпы ұзындығы — 36 шақырым. Құрылысты мердігер «B.E.S.» компаниясы жүргізіп, үйді-үйге кірген суға арнайы есептегіш құралында орнатып беріпті. Судың әбден азабын тартқан ауыл тұрғындары бұл тартуға дән риза.
Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі:
«Былтыр сіздермен кездескенімізде ауылдың ауыз су мәселесін көтерген едіңіздер. Енді міне, араға бір жыл салып, сіздерді де ауыз сумен қамтыдық. Облыс және аудан-қала, қала берді ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру үшін қолдан келген көмекті аямаудамыз. Лайым, ел аман, жұрт тыныш болсын!»