ОҚО-ның шенеуніктері ең атақты параспортшының пәтер мәселесін шешуге кіріспек.
Анастасия Соболева қаладағы пәтерде күйеуімен бірге Лондонда өтетін Параолимпиадаға дейін тұратын болады. Бұл туралы ОҚО Туризм және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев мәлімдеді. Спортшы пәтерде өз үйім, өлең төсегім деп, алаңсыз жатқысы келсе, 4 жылда бір рет өтетін ең басты турнирде алтыннан алқа тағу керек. Тек сонда ғана спорт шенеуніктері әйгілі спортшының пәтер мәселесін түбегейлі шешуіне көмек көрсетпек.
Естеріңізге салсақ, түрлі республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы, 21 алтынның иегері көзі көрмейтін жүзуші баспанасыз қалған болатын. Бір жыл бұрын қалалық әкімдіктегілер оған жатақхана кілтін ұсынады. Алайда біраз уақытқа өз үйінде болмаған қыз жаз өтісімен шағырағына келгенде мөрленіп, есігі жабылған бос ғимаратты көреді. Сөйтіп далада қалады.
Қазірге мүгедектерге арналған спорт мектебі спортшыға арнап пәтер жалдап берді. Параолимпиадаға лицензия жеңіп алған Анастасия енді 11-шағынауданда орналасқан 2 бөлмелі пәтерде тұруда. Спорт мектебі бір жылға пәтердің ақысын төлеп те қойыпты. Мұнда ең қажетті төсек-орын мен жиһаздың барлығы бар. Сондықтан жүзгіш жұбайымен бірге жаңа үйге тек киімдері мен медельдарын ғана алыпты.
Анастасия Соболева: «Тек кеше ғана саяжайда тұрып едім, бүгін қаланың дәл ортасында екі бөлмелі пәтерге көшіп келдік. Облысымыздың спорт басшысы Полат Қырықбаев пен мектеп директоры Ғалымжан Әленовқа алғыс айтамын. Енді жаттығудан кешікпей, Лондонда өтетін параолимпиадада жеңіске жету үшін бар күшімді аямай, дайындалатын боламын».