Көршілес облыста қауіпсіздікке жауапкер ретінде Нұрлан Карибжанов тағайындалды. Ол осыған дейін Алматыдағы ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары болған. Нұрлан Карибжановтың орынбасары болып Алматыдан келген Шапай Самақов тағайындалды.
Ал Жамбыл облыстық қауіпсіздік департаментінің бұрынғы басшысы Қайрат Байбарақов болса, 12-қарашадағы Таразда болған жағдайға байланысты қызметінен шеттетілді.
Естеріңізге сала кетейік, сол күні 34 жастағы Мақсат Қариев құқыққорғау орындарының бірнеше қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасаған болатын. Терактінің құрбаны болған 7 азаматтың қатарында қауіпсіздік қызметінің 2 қызметкері мен полицейлер де бар.
Сонымен қатар, қылмыскер қаладағы қару сататын дүкенге ұрлыққа түсіп, ҰҚК ғимаратын гранатамет жане автоматпен атқан еді.