Ет тіске емес, түске кіретін болды

Жаңа жылдан бастап ет және ет өнімдерінің бағасы тағы қымбаттады.»Жығылғанға жұдырық» демекші, бұл қарапайым халыққа ауыр тигені анық. Мұның себебін әркім әрқалай болжауда. Біреулер Кедендік одаққа мүше болуымызбен байланыстырса, енді біреулері бордақы малдың өзіндік құнын ақтамауынан деп түсінеді. ОҚО ауылшаруашылығы департаментінің мамандарының уәжін негізге ала отырып, мәселені түсіндіріп көрелік.
Кейінгі кезде ет-сүт өнімдерінің қымбаттауы айқын аңғарылады. Мұның Кедендік одаққа да, сұранысқа лайық өнімнің аз болғандығынан да емес. Қазір нарықтық экономика заманы. Мәселен, шаруа бір бордақы малды семіртуі үшін қаншама еңбектенеді. Өткен жылы өңірімізде қуаңшылық болғаны бәрімізге белгілі. Соның зардабы шаруаларды да сырт айналып өтпеді. Жем-шөп тапшы, қымбат. Қазір бір бума тайланған шөбіңіздің өзі 1000 теңге шамасында. Кеткен шығынның барлығын есептей келе, шаруаның өндірген өніміне лайықты баға белгілеуі дұрыс емес пе? Естеріңізде болса, былтырғы жылы дәл осы уақытта ұн бағасы аспандап, кейін қайта қалпына келгенін білеміз. Сол сияқты ет бағасы да тұрақтануы мүмкін. Жалғыз Оңтүстікте емес, ет және сүт өнімдерінің бағасы еліміздің барлық аймағында өскені аңғарылады.
Елбасы өзінің кезекті Жолдауында 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу жайлы тиісті министрлік пен құзырлы органдарға нақты міндет жүктегенінен хабарымыз бар. Бұл тапсырманы орындау үшін тек қана асыл тұқымды малшаруашылығы ғана бізге көмектесе алады екен. Мысалы, асыл тұқымды ірі қараның тірідей салмағы шамамен 500 келіні тартатын болса, жай малдың тірідей салмағы 300 келіге әзер жетеді. Ал одан алынатын таза ет шамамен 150 келі болады. Оның үстіне жай малдың еті көбінесе халықаралық талаптарға сай келмейді деп қорытынды жасайды мамандар. Сондықтан болар, қазір елімізде асыл тұқымды (репродуктор) шаруашылықтар көптеп құрыла бастады. Репродуктор дегеніміз – аймақты асыл тұқымды малшаруашылығымен қамтамасыз ету, мал басын көбейтіп, өзгелерге бөліп беру.
Етпен облыс халқын бір ғана Сайрам ауданы қамтамасыз етуі мүмкін. Себебі, ауданда малшаруашылығы, оның ішінде асылдандыру, бордақылау жақсы жолға қойылған. Шаруаларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Мәселен, ауданда асыл тұқымды мүйізі ірі қара 8, шошқа өсірумен айналысатын 3 және 1 қой, 1 құс шаруашылықтары бар. «Сыбаға» бағдарламасының орындалу көрсеткіші 230 пайызға артып, өткен жылы ғана 11 мал бордақылау орны ашылған. Онда 1679 мүйізді ірі қара бағымға алынған.
Мұндай мысалдар жеткілікті. Демек, өзімізді-өзіміз етпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар, қажет болса экспортқа да шығаруға болады екен. Ендеше баға неге өседі? Әсіресе,күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын бір деңгейде ұстап тұруға Үкіметіміздің қауқары жетер деген ойдамыз. Әлде өндіруші мен сатушының, сатушы мен тұтынушының арасында көзге көрінбес әлдекімдер жүр ме? Бұл жағы бізге беймәлім болғанымен, мәлімі -ұшып тұрған бағаны қарапайым халықтың қалтасы көтере қоймайтындығы.