Қатерлі ісікті анықтау үшін онкүндік өтуде

балалар онкологиясы көбейіп барады

Елімізде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар көбейіп отыр. Мамандардың есебі бойынша, жыл сайын осындай диагноз 30 мың адамда анықталады. Өзекті мәселеге Елбасы жуырдағы Жолдауында тоқталып өтті. Президент Үкіметке 2 ай аралығында қатерлі ісік ауруларымен күресудің нақты бағдарламасын дайындауды тапсырды. Осы себепті еліміздің онколог-дәрігерлері онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша онкүндік өткізуде. Шараны 1 ақпаннан 10 ақпанға дейінгі аралықта ұйымдастыру жоспарланған. Бұл ретте медициналық тексеруден өту – тегін.

Осы кезде дәрігерге қаралғандар арасында Зылиха Оңғарбаева да болды. Оның дәрігердің «Сізде ештеңе жоқ» деген сөзінен кейін көңілі жай тапты. Леңгір қаласынан келген 3 баланың анасын соңғы кездері көкірек тұсы ауырып, мазалайды екен. Ауыл дәрігері онкүндік аясында жолдамасыз, онкологқа тегін көріне алатынына кеңес береді.

«Ленгір қаласынан келдім. Қорқып келген едім қазір қуанып тұрмын»,-дейді 47 жастағы Зылиха апай.

Өкініштісі, мұндай қуанышты хабар келушілердің барлығына айтыла бермейді. Әлемде болып жатқан адам өлімі оқиғаларының 13 пайызы осы қатерлі ісіктен. Біздің өңіріміздің өзінде 12 мыңға жуық науқас диспансерлік тіркеуде тұр. Өткен жылы осындай онкүндік аясында 268 адам тіркеуге алынып, оның 15-нен қатерлі ісік анықталған.

«Егер қатерлі ісік анықталса, науқасты ары қарай тексеруге жібереміз. Бұл үшін барлық қондырғыларымыз бар. Рентген, ректальды зерттеуге арналған 2 құрылғы бар, Диагностикалық орталықпен келісіміміз бар, онда квотамен тексеруге жібереміз. Бұл онкүндікте ауруды алғашқы кезеңінде анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. Енді басталған ауруды 90-100 пайыз емдей аламыз деп айта аламыз. Сондықтан, келіңіздер тексеріліңіздер. Жолдамасыз қабыладаймыз»,-дейді ОҚО қатерлі ісік орталығынң онкология емханасының меңгерушісі Гүлбахрам Жақсыбаева.

Ең қорқыныштысы, балалардың арасындағы онкологиялық жағдай өршіп тұр. Онкүндік аясында бір күннің өзінде 25 тей бала қаралып, 2 бүлдіршінде қатерлі ісіктің бары анықталды. Бірінші орында балаларда бауырдың қатерлі ісігі ұлғаюда. Жыл сайын 50-55 шақты онкологилық ауруға душар болған балалар анықталып отыр. Тіркеудегі саны-208. 2011 жылы онкүндікте 61 бүлдіршін дәрігерлер қадағалауына алынды.

Көп жағдайда бұл ананың жүкті кезінен басталады. Ананың тұмау сияқты ауырған халы құрсақтағы балаға да әсер етпей қоймайды. 5 айлық Бақдәулетті алып келген Зәуре Көшербаева баласының жиі жөтелетіндігін айтады. Учаскелік дәрігерге көрінген оны ренгенге түсіп, балалар онкологына жіберген. Қазір бұл дәрігер толығырақ зерттеп, диагнозын нақтылайды.

Аққали Маймақов, балалар онкологы: » Балалар арасында қан ауруы, ми ісігі, бауыр, т.б өкінішке орай кездеседі. Мұндай өсудің өзі бірден байқалмайды. Алдын алу балаларда көп жағдайда мүмкін болмайды. Алғашқы белгілері оларда білінбейді. Бір күннің ішінде 2 қатерлі ісігі бар баланы анықтап отырмыз. Бірі сүйегінде, екіншісі іш сігі».

Еліміздің онкологтары алдағы 2 айда арнайы бағдарлама жасамақшы. Бірақ ол үшін еліміздің тұрғындары өз денсаулығына немқұрайды қарамай, осы онкүнде тексеруден өтуі тиіс.