Он жылдан бері дзюдо күресінен оңтүстікте республикалық дәрежедегі жарыс өтпеген болатын. Биыл жерлестеріміз өз алаңында алтын медальдар үшін таласуға мүмкіндік алды. Палуандардың ептілігін сынауға елімізге белгілі мамандар да Шымкенттің жаңа манежінде жиналды.
Бұл жолы Шымкенттің татамиінде 600-ден астам палуан белдесті. Олардың арасында оңтүстіктің құрамасы да бар. 16 команданың ішінен топ жару оңай болмасы анық. Оның үстіне жерлестеріміз соңғы кездері жүлделі бола алмай жүргені тағы бар.
Мұрат Қыпшақбаев, қалалық №10 күрес мектебінің директоры: «Республикалық жарыстардың Шымкентте өтуі біздің жеткіншектер үшін өте маңызды. Қызығушылық талпыныс пайда болады. Талай жылдан бері бірінші рет өз алаңымызда қабылдап отырмыз, енді бұл жаңалық оңтүстік спортының дамуына ерекше бір серпіліс беретініне сенімдімін».
Жарыстың алғашқы күні 9 салмақ дәрежесінде 254 палуан мықтылық танытуға тырысты. Павлодарлық бойжеткен алтын медаль үшін таласуда. жекпе жек тартысты болып, төрешілер де жеңімпазды анықтай алмауда. Десек те Павлодардан келген қонақ бас жүлдеге ие болды. Қыздар арасында шымкенттік палуандар көзге түсе алмады. Алтыннан алқа таққан бойжеткендеріміз бұл жолы болмады.
Үш күн бойында еліміздің үздік палуандары топ жарды. Бұл жарыстың қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында ұлттық құрамада жасақталынды. Бұл жолы шымкенттіктер де топ жара білді. 3 алтын, 1 күміс 4 қола медальмен оңтүстіктің жүлде қоржыны толықты. Ал бүкілкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Естеріңізде болса былтырғы чемпионатта жерлестеріміз алтыншы орыннан ғана көріне алған еді.
Бұл жарыс Азия чемпионатына іріктеу. Бірінші нөмірлі жас палуандар халықаралық жарысқа дайындығын бастайды. Ендігі мақсат азияда жүлделі болу.