Интеллектуалдық меншік өз дәрежесінде қорғалып жүрген жоқ

315
ауданаралық сот өкілдері

Интеллектуалдық меншік өз дәрежесінде қорғалып жүр ме?

Авторлық құқықты аяққа таптатпай, интеллектуалдық меншікті көз­дің қарашығындай қорғауға мүмкіндік беретін заңға өзгерістер енді. Бірақ бекітілген ережеден шыққан қорытынды қандай? Әзірге ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Сондықтан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қадағалаушы және құқық қорғаушы органдардың басын қосып, жоспар құрды.

«Пират­тар­дың» көзіне көк шыбын үймелетіп, сот­қа сүйреп, пәлен дөңгелегі бар мил­лион­дарды мойнына қиып салса, бәлкім, біздегілердің көзі ашылар? Дөңгелек үстелге жиналғандардың басым бөлігі зияткерлік меншік және авторлық құқық бойынша туындайтын даулы сұрақтарды шешуге тырысып бақты.

Қ.Ермекбаев, облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры: «Бұрындары біз, өз еркімізбен заңсыз саудаларды тексеріп, авторлық құқықтарды бұзатын дүниелерді тексере беретін едік. Ал қазір, Елбасының шағын және орта бизнесті қолдау мақсатындағы талаптарына сәйкес, ондай тексерулер құзырымыздан алынып тасталды».

Контрафактілі аудиовизуалды өнімді сатушылармен белсенді күрес жүргізуге біздің күшіміз жетпейді. Бұған бірлесе жұмыс жасап қоймай, қолданатын шараны қатаңдату керек дейді «АСД рекордс» шығармашылық орталығынің өкілдері.

Нұрбек Енжанов, «ACD rekords»ЖШС-ның жауапты өкілі: «Біз авторлармен арнайы келісім-шартқа отырамыз. Содан барып, бізден шыққан үнтаспалары қымбаттау болып шығады. Ал оны «пираттық» жолмен көшіріп алып, немесе рұқсатсыз эфирге шығарып жіберетіндер өте көп. Олармен жалғыз күресе алмайтындықтан, құзырлы органдармен бірлесе жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Былтыр солай жұмыс жасағанымызда бірқатар заңсыздықтардың көзін жойғангбыз».

Расында да, халық арасында үлкен түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Мүмкін сонда ғана, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жолға қойылар. Көркем әдеби шығармалар мен ғаламтордағы шексіз дүниелерді көшіру заңсыз болып табылатындығын да естен шығармаңыз.