Шымкентте тұңғыш сатылым-көрме ашылды

388

Қаламызда алғаш рет суретшілер мен қолөнер шеберлерінің сатылым көрмесі ашылды. Облыстық көркемсурет галереясында өткізіліп жатқан шараға мәдениет басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйытқы болып отыр. Бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгергендер өздерінің үздік туындыларын әкелді.

Қолөнер туындылары қайталанбайды, сонысымен керемет. Талант иелері өз дүниесі өзгенікінен ерекше болуы үшін барынша тырысады. Ал сатып алушылардың көпшілігі әрбір жұмысқа жұмсалатын материалдар жайында, шығын туралы хабарсыз. Оны тек қолөнер шебері біледі. Осындайда келесі туындысының да ерекше болуы үшін, алғашқысының жақсы бағаланғаны шеберге көмек. Бүгін 200-ден астам шығарма сатылымға шықты.

Айнабек Оспанов, облыстық көркемсурет галереясының меңгерушісі: «Біз осындай сатылым – көрмені алғаш рет өткізіп отырмыз. кез-келген талаптанған суретші немесе қолөнер шебері қатыстырылыды аталған көрмеге. 60-қа жуық өнер иесінің туындысы қойылған. Бағалары да 1 мың теңге мен 50 мың теңге аралығында. Әр сатылған туындының 10 пайызы облыстық көркемсурет галереясының қоржынына қалдырылады. Бұл қаржы келесі көрмелерді ұйымдастыруға жұмсалатын болады».

Киізден жасалған киім-кешек, бұйымдар мен ағаштан иілген ыдыс-аяқтар сатылым-көрмеге келушілердің көңілінен шыққан секілді. Сонымен қатар көне бұйымдардың жаңарған бұл үлгілері жас буынға өнеге дейді көрмені тамашалаушылар.

Ләззат Әлібаева, қала тұрғыны: «Қазақтың көне ыдыс-аяқтары мен бұйымдары осындай шеберлердің арқасында жастардың жадында сақталуына сеп болмақ. Бағалары да көңілге қонымды, аса қымбат емес. Маған ұнады. Әсіресе, астаулар мен шөміштерді сатып алғым келіп тұр. Кез-келген қонағыңызды ұялмай күте аласыз. Өйткені, ұлттық ыдыс-аяқтар қашанда бағасын жоймайды».

Алғаш рет өткізіліп отырған сатылым-көрмеге сурет өнерінің майталмандарымен қоса, студент жастардың да туындылары да қойылған. Бұл бейнелеу өнерінің енді қыр-сырын ұғынып келе жатқан жастар үшін үлкен демеу екені даусыз.

Нұржан Файзиев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранты: «Осындай көрмелер біз секілді жас суретшілерге тәжірбие жинақтауға үлкен мүмкіндік береді. Алғаш өткізіліп жатқан стылым-көрмесіне 3 туындымды әкеп отырмын. Бағалары да 20 мың мен 40 мың аралығында. Енді шын бағасын көпшілік беріп жатар».

Қарлығаш Қансейітова, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі: «Сатылым-көрмелер жиі өткізіліп тұрғанын қалаймын. Енді сатып алушылар қатары көп болса деңіз. Өйткені қолөнер болсын, сурет өнері болсын туындыларымызға қызығатындар көп. Жағдайлары көтермей ме, кім білсін, сатып алуға келгенде белсенділік бюайқалмайды. Еңбегіміз еленіп, өнеріміз бағаланып жатқаны да суретшілер қауымына тың тербеліс, жаңа қуат, шабыт сыйлары хақ».

Меценаттар мен шығармашылық иелерінің арасында байланыс орнатуды мақсат тұтқан бұл көрме наурыздың 5-не дейін жалғасады. Өнерді бағалай білетін, тың туындыға тамсана білетіндер мұндай іс-шарадан қалыс қалмасы анық.