Көше биінен «Импульс» тобы алда болды

Басымен шыр айналып, бүкіл денесін қозғалысқа келтіру,  түрлі оғаш қимылдар жасау бұл балалар үшін үйреншікті жағдай. Бірнеше жылдан бері дағдыланып, сынға түскен 300-ден аса жас брейк-данс және хип-хоп бишілері Шымкентте жиналды.

«Біз 2012 жылдың ең үздік бишісін анықтамақ ниеттеміз. Және брейк данс, хип-хоп көше биін дамытсақ дейміз. Бұл чемпионат енді қадам басқан жас жеткіншектерге үлкен сабақ болса, белді бишілер тәжірибе алмасады», – дейді конкурсты ұйымдастырушы Арман мен Бауыржан.

Алғаш рет  өткізілген Чемпионат кубогына таласуға Шымкент пен Тараздың белді бишілері қатысты. 8 адамнан тұратын 30 команда мен жеке-жеке сайысқа түскен 50 жеткіншек бар. Басты қонақ Ташкенттен келген би студясының жігіттері болды.

«Біз Шымкентке осымен екінші рет келіп отырмыз. Жарыс өте тартысты өтуде. Бәсекелестер де осал емес»,-деп, ойымен бөлісті Ташкенттен келген би студиясының мүшелері.

Көше биі тек жасөспірімдердің қызығушылығы  емес, спорт түрі екенін басып айтқан қазылар алқасының сөзін қатысушылар да құптады. Өйткені күн сайын бірнеше сағат бойы дайындалып, шынығатын олар өмірлерін мұнсыз елестете алмайды.

Солардың бірі студенттер мен оқушылардан құралған «Импульс» тобының қыздары. Құрылғанына 3 ай толса да, хип-хоп биінің қыр сырын меңгерген олар чемпионат кубогы мен грамотаға  ие болып,  2012 жылдың ең үздік бишілері атанды. Ал «Импульс» студиясының бишісі  Шухрат Дәуренов қыздар тобына жетекшілік етеді.

«Брейк данс биін билейтін жігіттерден тұратын  «Импульс» студиясы 7 жыл бұрын құрылған. Ал 3 ай бұрын біздер аталған студияның қыздар тобын жинадық. Аз уақыттың ішінде жеңіп алған жеңісіміз – біз үшін үлкен қуаныш. Жартылай финалда бірнеше командамен бақ сынасып, финалда Ташкенттен келген жігіттермен сынға түстік. Әрине қыздардың жігіттерге қарсы тұруы оғай емес. Дегенмен біз жеңіске жеттік»,-деп, қуанышын жасырмады жеңімпаз қыздар.

Шымкентте көше биіне әуестінушілердың қатары көп. Ұйымдастырушылар осындай конкурстар өткізу арқылы олардың уақытын тиімді өткізуге және қоғамда жастардың қылмысқа баруының алдын алуға себеп болатынына сенімді.