Түркістан облысында биыл 45 әлеуметтік нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жедел жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған. Құрылыс барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.
Түркістан облысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, жалпы құны 31,6 миллиард теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін 32 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, 13-і келесі жылға өтпелі дейді мамандар. Қазіргі таңда 8 нысан ел игілігіне тапсырылған. Сонымен қатар, білім беру саласында 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 8 мектептің екеуі пайдалануға берілсе, қалған алтауы жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталмақ.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының қолдауымен бой көтеріп жатқан 80 орындық перзентхананың құрылысы 70 пайызға аяқталған. Медициналық жабдықтары толық сатып алынған нысан тамыз айында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Сарыағашта 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.
Ал, мәдениет саласында 13 нысанның құрылысына 5,5 миллиард теңге бөлініп, оның бесеуі пайдалануға берілген болса, спорт инфрақұрылымын дамытуға 3,4 миллиард теңге қарастырылған. Десе де, облыс әкімі барлық құрылысы қарқын алған нысандар бойынша бақылауды күшейту керектігін жеткізді.
Осылайша, облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне барлық әлеуметтік нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтап, қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс кестесінен кешіккен жобалар бойынша нақты шаралар қабылданатын айтты.
Нұргүл Жолымбетова






