Úı ANONS Жастарға жұмысқа жол ашқан жәрмеңке

Жастарға жұмысқа жол ашқан жәрмеңке

Шымкентте жұмыс іздеушілерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның басты мақсаты, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жастардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік жасау. Жәрмеңкеде қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындар өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс берушілер мен үміткерлер арасында тікелей сұхбат ұйымдастырылды.

 

Арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде жоғары оқу орындары мен колледждерді биыл тәмамдаған түлектерге ерекше назар аударылды. Олар үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жүздеген жұмыс орны ұсынылды. Олардың бірі 19 жастағы Сәбина Зайниддинова. Ол медицина саласы бойынша оқуын тәмамдап, жұмыс іздеп келген. Жастайынан халыққа қызмет етуді мақсат ектен жас маман, бүгінде өзі қалаған жұмыс орнын тапты.

 

СӘБИНА ЗАЙНИДДИНОВ ЖАС МАМАН: «Шымкент медициналық колледжді бітірдім. 2022 жылы оқуға түскенмін. 2026 бітірдім. Жақында.  Кураторымыз жіберді. Сол жерден етстіп келдік. Жұмыс істеп жүрген едік. Қазір келдік. Қазір келіп 6 емханаға жазылып кеттік. Барлығын түсіндіріп айтты».

 

Жәрмеңкеге келген жастар мамандардан кеңес алып, өз түйіндемелерін ұсынып, жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары, субсидияланатын жұмыс орындары мен еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ғана емес, жастардың еңбек жолын сәтті бастауына да оң ықпал етеді. Ал жұмыс берушілер үшін қажетті кадрларды іріктеудің тиімді алаңына айналып отыр.

 

БЕКБОЛАТ АЛИХАНОВ,  ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Олардың айлықтар 30 АЕК. Оның шінде әлеуметтік төлемдерді алып тастағанда қолдарына 95-96 мың теңге айлық жалаақы  алады. Оларды 12 айға дейін жібереміз. Егер өзін жақсы көрсеткен жағдайда, ары қарай жұмысқа тұрып кетуіне үлкен мүмкіндік. Өйткені, жас түлек. Ешқандай тәжірибесі жоқ. Бұл жерде шарттары бұл бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты мекенжайы болуы керек. Жұмыссыз деген мәртебесі болу керек. Жұмыс берушімен екі жақты келісім жасап, еңбек кодексіне сәйкес жұмыс істейді».

 

Айта кетейік, жәрмеңкеге 20-дан астам кәсіпорын қатысып, 100-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар келушілерге «Күміс жас» жобасы, әлеуметтік жұмыс орындары мен ақылы қоғамдық жұмыстар бағдарламалары бойынша да ақпарат беріліп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері таныстырылды. Ал, жылпы Еңбек.kz порталында жастар практикасы бағдарламасы аясында 700-ден астам бос жұмыс орны жарияланған. Жалпы порталда 1000-нан астам бос жұмыс орны қолжетімді.

Нұргүл Жолымбетова