«Оңтүстік рабат» жазып еді

 Полицейлер сотталды

 Әйел зорлады деген айып тағылған полицияның екі бірдей қызметкеріне сот үкімі шықты. Бірі-6, екіншісі – 5,5 жылға сотталды.

 

Естеріңізде болса, біз бұл оқиға жөнінде газетіміздің үстіміздегі жылғы қаңтардың 25-і күнгі нөмірінде жазған болатынбыз. Полиция аға лейтенанттары, 26 жастағы Т. А мен 30 жастағы Ә. Н-ы екеуі де жоғары білімді, заңгер. Қылмыс жасағанға дейін Шымкент қалалық ІІБ-ның ППП-нің инспекторлары болып еңбек еткен. Екеуі де отбасылы. Олар 2011 жылғы қазан айының 16-нан 17-не қараған түні Шымкент қаласындағы Республика даңғылы мен Ә. Молдағұлова көшелерінің қиылысында көлік күтіп тұрған Төлеби ауданының тұрғыны, 1980 жылы туылған Н. Н-ны көліктеріне күштеп мінгізіп, қаланың шетіне апарған соң, келіншектің еркінен тыс ұрып-соғып, зорлаған. Әйел өзінің отбасылы екенін, үйінде балалары күтіп отырғанын қанша жалынып өтінсе де, құлақтарына ілмеген құқық қорғаушылар ұрып-соғу арқылы діттеген мақсаттарына жеткендерімен қоймай, Н. Н-ны көліктеріне қайта мінгізіп, қаладағы оңаша пәтерде әрекеттерін әрмен қарай жалғастырмақ болады. Әйткенмен, қала көшелерінің бірінде көліктері бұзылған кезде әйел есебін тауып, қашып шығады.

«Полиция-менің қорғаным» деп сенім артып келген Н. Н қорғаушы емес, өзін қорлағандардың үстінен шағым жазады. ОҚО ІІД ӨҚБ-ның тергеушісі, полиция капитаны Н. Сембаев істі тексеру барысында көп еңбектенді. Сот-медициналық сараптамасы Н. Н-ның зорланғанын, полиция қызметкерлерінің ұрып-соғуларының нәтижесінде жеңіл дене жарақатын алғандығын анықтайды. ҚР ҚІЖК-нің 280 бабының талабына сәйкес, аталған қылмыстық іс айыптау қорытындысымен Шымкент қаласы, Абай аудандық сотына жолданады. Нәтижесі жоғарыдағыдай, сот үкімімен екеуі де сотты болып, қолмен істегендерін мойындарымен көтеретін болады. Әттеген-айы сол, дәл қылмыс орын алатын күні Т. А-ның келіншегі қыз босанып, қуанышы қойнына сыймаған әкенің серілік сапары осылай, өкінішпен аяқталды.

 Ердәулет Тұрапбекұлы

  Нұржан Тәштенов, Абай аудандық сотының канцелерия меңгерушісі:

– Қос полиция аға лейтенантының кінәлары сотта толық дәлелденді. Сот үкімімен бірі 6 жыл, екіншісі 5,5 жыл темір торда жазаларын өтейтін болды. Бұл екеуіне қатысты қылмыстық іс бізге 2011 жылғы желтоқсан айында келген. Оларға тағылған айып-ҚР ҚК-нің 120 және 121 баптарына жатады. Сот жабық есік жағдайында өтті.