Шымкентте Республикада алғаш рет ерлердің денсаулығына арналған орталық ашылды

Шымкентте Республикада алғаш рет ерлердің денсаулығына арналған орталық ашылды. Елдің елеулі жоспарында болған ілкімді істің нақ осы Оңтүстікте бастау алуының өзі көп нәрсені аңғартады.

Ерлердің денсаулық орталығы деп айдар таққан бөлімнің қып-қызыл лентасын елдің бас уроолог дәрігері Мырзакәрім Алшынбаевтың өзі кесті. Бастама көтеріп, ер азаматтардың өмір сүру мерзімін ұзартып, өмір сапасын арттырамын деп жүрген профессордың қуанышында шек жоқ.

Саулығына сеп болар орталықтың ашылуына бір қызығы жас жігіттерден гөрі, алпысты алқымдап, сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдар көбірек қатысты. Астарына үңілсек, бұл да бір кейінгі ұрпақтың денсаулығы мен ұрпақ өрбіту мәселесіне деген жанашырлықтары болар.

Шәмші АБДУЛЛАЕВ Бәйдібек ауданының құрметті азаматы: «ОҚО-нан бірінші рет ғылыми уралогия институтының жасаған еңбектерінің арқасында бөлімше ашылып, халықтың әсіресе жастардың ұрық жүйесінің емін жалғастыруға мүмкіндік алып отыр».

Ұлтымыздың денсаулығы және демографиялық өсуі қауіп алдында тұр. Заман өзгеруіне орай ұрпақ денсаулығы нашарлап барады. Оған қоршаған ортаның, жеген тамақтың, ішкен арақ-шараптың және тынымсыз жүрістердің әсері бар дейді дәрігерлер.

Әлемдегі ер адамдардың 150 миллионы және жарты миллион қазақстандық ер азаматтар эрекция функциясының бұзылуынан зардап шегеді. Бұл ауру урологиялық аурулардың ішінде бүгінгі күні 3-орынды алып отыр. Қазақстанда тіркелген 24 000 сырқат ер адамдардың 56 пайызы әр түрлі формадағы эрекция дисфункцияларына ұшыраған. Оңтүстіктің ерлері де осы көштің басында тұр.

Мырзакәрім Алшынбаев, Денсаулық сақтау министрлігінің бас урологы: «Еркектердің денсаулығы тек бір жағынан ғана қаралады. Тек урологтар қарайды оларға. Ал бұл жерде  кардиолог, эндокринолог, балалар дәрігері, тері-венеролог барлығы қарап, еркекетің денсаулығын қадағалайтын болады. Себебі, еркектер мүшесі деп қан тамырынан көп ауырылады. Қант  диабетімен ауырады. Әйелдерге қарағанда еркектер 12 жылға кем өмір сүреді. Сонда Қазақстанда проблема бар. Ол еркектердің денсаулығына қарау».

Саулығы мықты ұрпақ тәрбиелейміз десек, ерлердің денсаулығын сақтауға араласу қажет. Азаматтар өз денсаулықтарын өздері ойлағаны, мезгілімен дәрігерлік тексеруден өтіп, уақытылы ем қабылдағандары абзал. Сонда бөріктілердің көріктілер алдындағы беделі де асады, деп тарқасты қуанышты сәтте жиналғандар.