Емделмеген еркек ұрпақсыз қалады

«Ер адамдардың тек 10 пайызы ғана өз еркімен уролог-дәрігерлерге көрінеді»

ҚР бас урологы, Б.Жарбосынов атындағы ғылыми урологиялық орталығының бас директоры Мырзакәрім Алшынбаев өткен жылдың күзінде «Ер адамдардың тек 10 пайызы ғана өз еркімен уролог-дәрігерлерге көрінеді» деп мәлімдеген еді. Бас урологтың айтуынша, «Ер адамдардың денсаулығы күндері» жобасының аясында 16 қалада 4 мың ер азамат тексерілген. Олардың 83,3 пайызынан уроандрологиялық патология белгілері анықталыпты. 

«Ер адамдардың тек 10 пайызы ғана өз еркімен уролог-дәрігерлерге көрінеді»
«Ер адамдардың тек 10 пайызы ғана өз еркімен уролог-дәрігерлерге көрінеді»

Бұдан бұрын «Қазақстандағы ерлердің 70%-ы сау емес: 30%-ы белсіз, 42%-инфекциялық аурулармен ауырады, емделуі керек» деген сипатта мәлімдеме жасап, елді елең еткізген болатын. 

Демек, қазақстандық ер адамдардың арасында жыныс ауруларымен ауыратындар өте көп. Статистикалық деректер көңіл көншітпейді. Осы себепті де «Еркектердің жыныс аурулары дегеніміз не, оған қандай ауру түрлері жатады? Алдын-ала тексерілу қалай жүргізіледі?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. 

– Жыныс ауруларының түрі көп. Сондықтан да бұларды басты үш топқа бөледі. Жыныстық органдардың инфекциялары, жыныстық органдардың ісіктері және жыныстық қатынаспен жұғатын аурулар. 

Инфекциялық аурулар жыныстық органдарды суықтатып алу, және т.б жолдармен пайда болса, жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулардың өзі венерологиялық аурулар деп аталады. Жыныстық органдардың ісіктері де алуан түрлі: қуық асты безінің ісіктері, жұмыртқаның ісіктері, жыныстық мүшенің ісігі болуы мүмкін. 

Қасымхан Сұлтанбеков, медицина ғылымдарының кандидаты, уролог-сексопатолог: 

– Бізге иппотерапия туралы сұрақтар өте көп келеді. Бірақ, менің айтайын дегенім, қазіргі медицина – дәлелді мағлұматтардың арқасында қолданылатын медицина. Тек дәлелді медицинаның факторлары бар болса, біз қолдана аламыз. Қазақтар бұрын белсіздікпен, бедеулікпен ауырмаған деп жатады. Бұл – бос әңгіме. 1917 жылға дейін қазақтардың орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 43 жас болған. 80-90 жастағы шалдарды көру сирек болатын. Сондықтан уроандрологиялық ауруларды иппотерапиямен емдеу туралы нақты зерттеп айтқан ешкім жоқ. Атпен серуендеу дегеніміз не? Ол, біріншіден таза ауада тыныстау. Екіншіден, дененің қозғалысқа түсуінен ағзада қан жүреді. Простатитпен ауыратын адамдардың арасында жылқымен жүрсең «простатаға массаж жасалады» екен деп айтқандар болды. Көп науқастар соған сеніп, жылқыға салт мініп, денелері үйренбегендіктен жүре алмай қалып жатқан жағдайлар кездесті. Қуық асты безі мен адам терісінің сырт жағы арасындағы ең жақын қашықтық 6-7 см. Жылқы үстінде үнемі мініп жүрсе де, қуық асты безіне механикалық әсер етпейді.

Уроандро-логиялық патологияның клиникалық белгілері байқалмастан бұрын, алдын-алу үшін тексерілуге келетін ер адамдардың саны бұрнағы жылдармен салыстырғанда соңғы бір жылда көбейген. Олардың дені үйленуді жоспарлап жүргендер мен ақылы «секс» қызметін пайдаланып, одан кейін денсаулығына күмән келтіргендер.

Отбасын құруды жоспарлап, үйленуден бұрын профилактикалық тексеруден өтпек болғандар негізгі екі-үш анализ тапсырады. Біріншісі, жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциялық аурулардың бар-жоғын анықтау. Екіншісі, еркектік сапасы қандай екенін білу. Үшіншісі, ұрықтың сапасын анықтау. Анализдің басқа түрлері қаралушының шағымдарына байланысты жасалады, – дейді дәрігер Қасымхан Сұлтанбеков. 

Ал, екінші топқа келсек, мұнда жыныстық қатынаспен жұғатын ауруларды тексерудің бірнеше жолы бар. Алдымен орындалатыны, каналдағы кілегей қабығын шыныға алып, көру. Екіншісі, зертханалық анализдер. Бұған: қанның иммуноферменттік анализін жасау мен полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) жатады. Анализдердің қорытындысы бойынша диагноз қойылады. 

Венерологиялық аурулардың әуел бастан келе жатқан басты заңы бар. Жыныстық қатынасқа түскен жұптың біреуінің қанынан, не кілегей қабығынан инфекция анықталған жағдайда, екіншісі міндетті түрде емделуі қажет. Өйткені, екіншісі емделмесе, онда кейіннен қосылғанда реинфекция болу қаупі бар. Қайта жұқтыратын болса, онда оның алдында пайдаланылған бактерияға қарсы емдеу әдісі келесіде әсер етпеуі мүмкін. Сондықтан да, бірі емделіп, екіншісі емделмей қалуына болмайды.

Ер адамның жұмыстағы, күнделікті жүріп-тұрудағы ширақтығы, еңбек өнімділігі оның сексуалды белсенділігімен тікелей байланысты деген тұжырым ― ғылыми ортада қалтқысыз шындық ретінде расталмаса да, түрлі тәжірибелер арқылы дұрыс екендігі айтылып жүр. Сондықтан ауруын асқындырып алғанша жүре бермей, денсаулығында ешбір сырқат белгілері байқалмаса да, аурудың алдын алу үшін дәрігерге қаралуы шарт. Уроандрологиялық ауру түрлерінің барлығында клиникалық белгілер болмайтындықтан, жасырын дамып келе жатқан дерттерді анықтау үшін сәйкес анализдерді тапсырған жөн.

Жәнібек НҰРЫШ