Жаңғыртуға байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет аясы кеңейіп, қызмет көрсету сапасы артып келеді. Орталықтың қызметіне жиі жүгінетін Светлана Бурлаченко мұнда жұмыс жақсы ұйымдастырылғанын айтады.
Светлана Бурлаченко, қала тұрғыны: «Жұмыс бабымен мен Қытай, Ресей, Қазақстанның ірі қалаларындағы осындай орталықтардың қызметін пайдаланамын. Салыстыра келе ОҚО халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жұмысына 5 деген баға беремін. Кезек жоқ, барлығы шұғыл түрде, жақсы үйлестірілген».
Халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтар тіркелген мекен жайынан бастап сотты болған болмағаны жайлы анықтаманы үйінде отырып алуына мүмкіндік жасалған. Тек сандық электрондық қолтаңбасы болуы шарт. Жеке куәлігі бойынша Электронды Үкімет арқылы анықтаманы азамат үшінші жұмыс күні электронды түрде ала алады. Ол үшін құжаттардың көшірмесі қажет емес.
Ғалым МАЙМЫШЕВ, ОҚО халыққа қызмет көрсету орталығының операциялық зал бастығы: «Жылдың басынан Электрондық Үкімет порталының қызметін пайдалану үшін сандық қолтаңба алған азаматтардың саны 4 200- ге жетті. Күнделікті 50-55 адам электрондық кілтті алады. Сондай-ақ, тұрғындарды компьютерлік сауаттандыру мақсатында орталықта оқу ұйымдастырлған. Мұнда кез келген азамат дәріс алып, порталда жұмыс істеуді меңгереді».
Келер жылдан бастап мұнда жүргізуші куәлігі мен көліктің техникалық төлқұжатын алуға да болады. Бұл қызмет түрін биылдан бастап алматылықтар, астаналықтар, атыраулықтар мен қарағандылықтар пайдаланады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары қазіргі таңда көлік және коммуникация мимнистрлігінің қарамағында.