Еліміздің барлық аймақтарының қылқалам шеберлері өңірімізде бас қосты. Облысымыздың құрылғанына 80 жыл толуына орай бүгін республикалық суретшілердің симпозиумы басталды. «Нұрын шашқан Оңтүстік» атты шығармашылық иелерінің өнер бәйгесіне 20-дан аса талант иесі қатысуда.
Астана, Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда. Барлығы 14 облыстан кенеп пен майлы бояу арқалаған бейнелеу өнерінің шеберлері алдымен қаладағы көркемсурет галереясына жиналды. Мұнда өңіріміздің жас суретшілерлерінің қаламынан туған дүниелерімен көрме ұйымдастырылған. Енді өзге аймақтың аға буын өкілдері өзіндік көзқараспен киелі өлкемізді бейнелейтін болады.
Қылқалам шеберлері симпозиумның салтанатты ашылуынан соң, қаланың көрікті жерлеріне бет алды. Арасында топты бастап жүретін оңтүстіктің бейнелеу өнерінің майталмандары да бар. 24 суретші Ордабасы мен Рәміздер алаңы, Дендрарий мен Абай саябағы және Шәмші гүлзарына бөлінді.