Күнгейде үздік суретшілер анықталды

752

Еліміздің ең үздік суретшілері анықталды. Шымкентте биыл төртінші рет ұйымдастырылған суретшілер симпозиумына Оңтүстіктің ғана емес, өзге де өңірлердің таланттары қатысты. Өнер бәсекесінің жеңімпаздарынің есімін анықтап, мұражайдың алтын қорын толықтырған тұщымды туындыларды тамашалауға мүмкіндік алдық.

«Дала аңызы», «Яссауи кесенесінің киесі», «Шахарымыздың шежіресі». Елдің тарихы мен бүгінгі белес-жетістіктерін таныстыратын мұндай туындылар көрменің төрінен табылды. Күнгейде ұйымдастырылған кезекті суретшілер симпозиумы осылайша санаулы күндер ішінде мәрсіне жетіп, сиясы кеппеген шығармалар тұрғындар назарына ұсынылды.

Рахат Жалақбаева, қала тұрғыны:»Симпозиумның бізге берері мол. Әсіресе тарихты танытып, көптеген дүниелерді рухани тұрғыда түсіндіреді. Менің ойымша, көрмеге келген жастар көптеген игі дүниелерді бойына сіңіреді».

«Дархан далам» симпозиумы биыл күнгейде үшінші рет ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлері бұл жолы шығармаларын табиғат аясында ғана емес, рухани қала Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесіне барып бейнелеуге мүмкіндік алыпты. Сондай-ақ, тәуелсіздіктің торқалы тойына тарту жасауды да ұмыт қалдырмады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, респуликалық шарада әдеттегідей шеберлігін шыңдауға тек кәсіби мамандар жолдама алған.

Айнабек Оспанов, облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры: «Қазіргі қазақ өнерінің жарқын тұлғалары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет қайраткерлері, көркем академияның академиктері 4 күн жұмыс жасаған күннің өзінде біздің алтын қорға қайталанғысыз еңбектер қалдырды. Тағы өздерімен әкелген 23 суретті де сыйға тартты».

Күнгейдегі кезекті симпозиумға қатысқан қылқалам шеберлері ақ тілек пен құттықтау лебіз, алғыс хаттар мен қаржылай таралғыдан құр қалмады. Арнайы марапатталып, әрқайсысына 150 мың теңгеден табысталды. Айта өтетін ақпар, аталған мәдени бастама аясында өңіріміздегі бейнелеу өнері мұржайы 123 сурет-қазынамен толықты.