Үмбет Ерімбетов: «Соғыстың алғашқы күні әлі есімде»

618
Умбет Еримбетов. Ұлы Отан соғысының ардагері

1941 жылғы 22 – маусым… Бұл адамзат тарихындағы ең қаралы күндердің бірі. Осыдан 71 жыл бұрын, дәл осы күні бұрынғы Кеңес Одағы жұртшылығының қабырғасын қайыстырған, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат соғыс басталған еді.

Үмбет ата дәл осы күні Мақтаарал ауданындағы «Қызыл ту» колхозында мақта шабығында жүрген екен. Соғыс басталғанын естіген жұрт әбден абыр-сабыр болып, берекесі қашады. Осындай ауыр кезеңде мен он сегізге толмадым деп, шет қалуға ары жібермей, жапа-тармағай соғысқа кетіп жатқан ұландардың қатарына комсомол билетімен аттанады.

Ұлы Отан соғысы деген атпен тарих дәптерінің парағына қанды әріптермен таңбаланған зұлмат қантөгіс алапат бастау алған дәл осы күн – бұрынғы КСРО құрамында болған республикаларда қаралы күн ғана емес, 1941-1945 жылдары еліміздің азаттығы үшін қасық қанын төккен отандастарымызды еске алу күні ретінде де аталып келеді. Таңғы сағат төртте бейбіт жатқан елдің тыныштығын бұзған соғыс туралы суық хабарды қарсы алған үлкен-кіші Отан-ананы қорғау үшін қолға қару алып, майдан шебіне аттануға кезекке тұрды.

Мамыражай елдің бейбіт өмірін қорғауға аттанғандардың қатарында он жеті жасар жас жігіт Үмбет Ерімбетов те бар еді. Бүгінгі күні 90-ды алқымдаған қария «жастығымызға қарамай, елді қорғауға кете бардық, соғыс түгілі, суық қару ұстап көрмеген біздің бір-ақ мақсатымыз болды, ол – Жеңіс!» деп көзіне жас ала отырып, сол күн мен зұлмат жылдардың естелігін баяндап берді.

«Желтоқсан айында Жамбыл облысына апарды да, 105-қазақ дивизиясын құрып, атты әскерге енгізді, ол жерде 6-7 ай дайындалдық. Сөйтіп, аттарымызды Мәскеуге тастап, қолымызға зеңбірек алдық. Оны пайдалануды 1-2 ай үйреніп, 1942 жылы соғысқа кірдік. Мен зеңбіректі оқтаушы болып, Сталинград шайқасына қатыстым. Содан соң, Крупский шайқасына түсіп, Украина, Чехия жерінде фашистерге тойтарыс беріп, соңғысы Германиядағы Берлин шайқасында да болып, елге жеңіс сыйладық. Берлин шайқасына түсер кезде қатты жаралы болсам да, Берлинді алуға барымды салдым. Арманымызға қол жетіп, елге тыныштық сыйлаған Жеңісімізді неміс жерінде тойладық. Сөйтіп, 1947 жылы елге оралдым, 2 жыл орнымызға келетін адамдарды күтіп қалдық»- деп өткеннің күнделігін ақтарған ардагер, өзіміз екі ағайынды едік, мен соғысқа аттанғаннан кейін араға бір ай салып, анам, содан соң інім қайтыс болыпты. Бұл қаралы хабарды соғыс алаңына жеткізбей, бәрі аман-есен деген хат жазып тұрған. Олардың дүниеден озғанын соғыстан кейін бір-ақ естідім деп көзіне жас алды. Біраз үн-түнсіз отырып, демін алып алған қария, «не керек, 1947 жылы соғыстан қайтып ауылға келдім, бұл жердің де жағдайы мәз емес екен. Соғыс зардабынан ауылдың тұрмысы төмендеген, бір үзім нанға зар болып отырған отбасы көп болды. Ия, уақыт бәріне емші, бұның бәрі көрген түстей өткен күннің еншісінде кетті. Айтпақшы, мен соғыстан келгеннен кейін, 1948 жылы үйлендім. 2 ұл, 3 қызым бар. Қазір олардан 16 немере, 24 шөбере сүйіп отырмын. Енді ұрпағымның амандығын берсін» деп сөзін аяқтады.

Кешегі солдат, бүгінгі ардақты ардагердің соғыс оты қайта тұнбасын дегеннен басқа арманы жоқ.

Үмбет Ерімбетов, ҰОС-ның ардагері, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ел басына қара бұлт төнген сол жылдар қайта келмесін. Жастарымыз аман болып, сұрапыл соғысты көрмек түгілі, естімей-ақ қойсын! Ата тілегі сол – халқымыздың амандығы мен ел тыныштығы. Шынын айту керек, көрсетіліп жатқан құрметтерге дән ризамын, алғысым шексіз. Курортқа барамыз тегін, автобусқа мінеміз тегін. Мереке-мейрам сайын сый-құрмет, Үкіметке рахмет. Елбасымыз бен облыс, қала әкімдеріне мың алғыс».

Талай боздақты қанға бөктірген қырық бірдің зұлматы елді есеңгіреткені жасырын емес. Кеңес Одағының апшысын қуырған неміс фашистерінің зұлымдығы бауырлас мемлекеттердің мүддесін бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдырды. Бүгінде қатары уақыт өткен сайын сиреп бара жатқан қарт майдангерлер есінде бұл қанды жылдардың мәңгілікке сақталары сөзсіз. Ұлы Отан соғысы деп аталған жылдар талай шаңырақты ортасына түсірді. Талай арманды қыршынынан қиып, миллиондаған бейкүнә тағдыр иелері қорғасын оқтың қорғансыз құрбандарына айналды. Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен зұлматтың бетін бері қайтарып, ордалы жыланның ұясын талқандаған ерлер елдің егемендігін сақтап қалды. Лайым, елі үшін туып, елі үшін отқа түсер ерлеріміз аман болсын деп тілейік!!!

Кеңес одағына тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншыларына тойтарыс беріліп, фашистік Германиямен сұрапыл соғысқа қатысып, жеңіспен оралған ардагерлер үшін бұл күн ессіз естелікке толы. Миллиондаған ғұмырды қыршынынан қиып, ананы баласынан айырып, сүйген жарды жесір, жас жеткіншекті жетім қылған бұл қасірет ел тарихынан ешқашан ұмытылмақ емес. Тұтас бір шежіреге бергісіз осы бір күннің тарихтағы орны ерекше. Соғысқа аттанған 1,5 млн. қазақстандық жауынгердің қайтпас қайсарлығы мен қайратты ерлігі, әсіресе, бүгінгі ұрпаққа ерекше үлгі болары сөзсіз.