Жеңіс күнгі келеңсіздік

Еліміз Ұлы Жеңіс күнін тойлап жатқан 9-мамыр күні Шымкентте келеңсіз жағдай орын алды.

Билборд кімге кедергі келтірді? Ұлы Жеңістің 67 жылдығында қала көркін келтіріп, мәңгілік құрмет ретінде ардагерлердің бейнесі бар көптеген билбордтар ілінген болатын. Бірақ, мейрам атап өтілместен-ақ, тақтайша ілінген бағаналар алып тасталынғанына куә болдық. Мұндай әрекетке наразы болған қала тұрғындары бізге хабарласқан болатын. Жеңімпаз ардагерлерге құрмет көрсетушілер мен заңды негізге алған басшылық арасындағы келіспеушілікті көріп қайттық.

Естелік тақтайшалардан қу құбыр ғана қалған. Қалалық коммуналдық қызметтің жұмысшылары «Ұлы Жеңіске 67 жыл. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген жазуы бар билборд бағанасын кесіп кеткен.

Бейнекадрларды куәгерлер түсіріпті. Баннерлерді жұмысшылар жол жиегіне тастапты. Әрине, оны автокөліктер таптап та үлгерген. Жеңіс күнін барша жұрт болып тойлап жатқан шақта жасалған бұл әрекетті шымкенттіктер нағыз қаніпезерлікке балайды. Олар билбордтардың кімге кедергі келтіргенін түсінбей,  ғаламторда ашынған пікірлерін жазып қалдырған.

– Мейрам өткен соң. үш-төрт күн күтуге болмас па еді? Ардагерлерге құрмет қайда? Алып тастағысы келсе, мереке алдында әрекет етуі керек еді.

– Бұған кім рұқсат берген? Көліктер басып өтіп жатыр. Тауып алып, қамауға алу керек кінәлілерді! Жүректе мәңгі есте қалғанды неге сақтамаймыз?

Билбордтарды алып тастауға қалалық әкімшілік бұйырған екен. Шаһар әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетовтің айтуынша, жарнама тақтайшалары заңсыз орнатылған. Адамдар өміріне қауіп төндіріп тұрғанын алғаш болып байқаған қаланың бас сәулеткері әкімдікке хат жолдапты. Ал билік басындағылар 10-мамырға дейін билборды алып тастауға бұйырған.

Бахадыр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: » Билборд техникалық қауіпсіздікке сай келмейді. Оның ілінгені де заңсыз. Сондықтан, оны алып тастауды бұйырдық. Қазір баннер Қонаев даңғылына ілінді».

Ал тақтайшаны ілген жарнама агенттігі оның Абай саябағы жанында үш жылдан бері тұрғанын айтады. Неліктен тез арада мұндай шешім қабылдағанын түсінбеген олар естелік-құрметке жасалған әрекетті кешірмейміз деп отыр.

Ерлан Алиев, жарнама агенттігінің өкілі: құқыққорғау органдарына хат жолдаймыз. Бізге билборды ауыстырады деп ешкім айтқан жоқ. Билбордтың құжаттары бар. Барлығы заңды».

Қазір істің анық-қанығын анықтау мақсатында қалалық әкімдікте қызметтік тексеру жүруде. Бірақ, бұл уақытта Шымкент айдай әлемге масқара болып үлгерді.