Ардагерлерді ардақтайық!

“Оңтүстік Рабат» газеті республикалық «Ардагерлерді ардақтайық!» атты акцияға үн қосады. Осылай ету арқылы, өз өңіріміздің, әсіресе, есімін ел біле бермейтін ардагерлерді насихаттайды. Ауылыңызда соғыс ардагері болса ол туралы қысқаша мәлімет беріп, суретін бізге жолдаңыз, оқырман!

 Абылай Қазбаев 1925 жылы ОҚО, Сайрам ауданында, Қайнарбұлақ ауылында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері.

Отан қорғауға 1943 жылы қаңтардың 9-ында аттанады. Ташкентте дайындықтандан өткен соң ұрысқа Харков қаласы маңында кіріседі. Екінші гвардия двизиясы, 219-шы полк құрамында болған Абылай ата жаяу әскерді қорғаушы зеңбірекшілер тобында жүріп неміс танкісіне қарсы тұра білген жаужүрек жауынгерлердің бірі.

4-ші Украин, 3-ші Беларус майдандарынжа болып, Латвия, Литваны азат етуге қатысқан азамат. 1945 жылы 1 мамырда Кинизбург қаласын азат етуші жауынгерлер сапында болған ол елге 1950 жылдың сәуір айында оралады.

Днепрде болған кескілескен ұрыста 1943 жылы сол жақ жамбасынан жарақат алғанына қарамастан Жеңіс үшін қасық қандары қалғанша соғысқан ардагер 1944 жылы Севостополде бомба жарылғанда топырақ астында көміліп қалғанын әлі күнге дейін ұмытпайды. Тәніне түскен жарадан емес, жанын жаралаған сол бір сұм соғысты бүгінгі ұрпақтары көрмесін деп тілейді.