Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департемінті 110 патрульдік полициямен толығатын болды. Осыдан үш ай бұрын Ішкі істер органдарының бос лауазымына жарияланған конкурстың қорытындысы шықты. Ал жас мамандар 23 маусымда әскери ант қабылдап, жұмысына кірісетін болады.
Анеля Исабекова патрульдік полиция полкына жұмысқа алынатын 110 жігіттің ішіндегі екі қыздың біреуі. Мамандығы экономист-есепші бола тұра, құқық қорғау органына түсуге ниіт білдіріп, конкурсқа қатысыпты. Бірнеше нормативтік сындардан өтіп, жігіттерден кем түспей, жоғары балдық дәреже көрсеткен ол каратэ мен волейболмен айналысады екен. 22 жасар ару өз елімнің тыныштығын күзетсем дейді.
«Ең қиыны спорттық жарыстар болды. Он алты минуттың ішінде екі жарым шақырымды жігіттерден қалыспай тапсырып шықтым. Өте қуаныштымын. Ата-аналарымда мені қолдап, батасын беріп, шығарып салған еді. Енді полиция болу- менің арманым еді. Сондықтан өте қуаныштымын»,- дейді Анеля.
Конкурсқа қатысуға 982 өтініш келіп түссе, оның 20-ға жуығы қыздар. Үміткерлер дене шынықтыру дайындығы мен спорттың бірнеше түрінен, сұхбаттасу, тест сынағы сынды сындардан өтіп, нәтижесінде 110 жас маман полиция қатарын толықтыруға мүмкіндік алды.
«Жұмысқа алынатын 110- адамның 24-і жоғары білімді, 23-і орта арнайы білімді, ал 36-сы спорт шебері. Барлығы енді ішкі істер органында жұмыс атқаруға лайықты деп ойлаймыз және өз міндеттерін адал атқарады деп ойлаймыз»,- деді ОҚО ІІД КЖБ бастығы, полиция полковнигі Сұңғат Тленшин.
Үміткерлер енді үш ай сынақ мерзімінде дайындықтан өтіп, патрульдік полиция инспекторы болып тағайындалады. Олар 23 маусымда әскери ант қабылдап, жұмыстарына кірісетін болады. Айта кетейік, мұндай конкурс Қазақстан бойынша алғаш рет өткізіліп отыр.