Úı ANONS «Джеки Чан» қоңырау шалған

«Джеки Чан» қоңырау шалған

Әлемге танымал жұлдызбен сөйлесемін деп, ақшасынан айырылды. Шымкентте алаяқтар жасанды интеллектіні  пайдаланып, өздерін Джеки Чан ретінде таныстырған және жергілікті тұрғынды алдап соққан. Полиция қызметкерлері кезекті профилактикалық шара барысында интернет-алаяқтардың жаңа айла-амалдары туралы айтып берді.

 

Шымкент тұрғынына бейнеқоңырау арқылы Джеки Чанға ұқсайтын адам хабарласқан. Әңгіме барысында ол ақшалай мәселесі туындағанын айтып, көмек сұраған. Шын мәнінде, әлемдік жұлдыздың бейнесінің артында жасанды интеллектті пайдаланған алаяқтар жасырынған. Полиция өкілдері: «Бүгінде қылмыскерлер кез келген танымал тұлғаның цифрлық бейнесін жасай алады, сондықтан экрандағы көрініске бірден сене салу қауіпті», — деп ескертеді.

 

МАҚСАТ ЕРЖАНҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПОРТАМЕНТІНІҢ КИБЕР ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ,ПОЛИЦИЯ КАПИТАНЫ: «Жасанды интеллект дейміз ғой. Осы арқылы алаяқтар өте көп қылмыс жасайды. Оның бірі дипфейк. Адамның бет әлпетін жи мен  ватсап арқылы,немесе басқа да бейне қоңыраулар қосып,басқа адамның бет әлпетімен сөйлесу».

 

Полиция дерегінше, интернет-алаяқтық деректері көбейіп барады. Былтыр Шымкентте осындай 300-ге жуық қылмыс тіркелсе, биыл жыл басынан бері олардың саны 330-ға жеткен. Бозарық шағын ауданының тұрғыны Алмасхан Беспаевтың айтуынша, олардың отбасында бейтаныс нөмірлерге жауап бермеу және СМС-кодтарды ешкімге айтпау туралы бұрыннан келісім бар. Дегенмен, зейнеткер жаңа алаяқтық схемалардан хабардар болу үшін профилактикалық шараға арнайы келіпті. Өйткені, қазіргі таңда кез келген адам алаяқтардың құрығына түсуі мүмкін.

 

АЛМАСХАН БЕСПАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Алданып жатқандар өте көп. Менің де бір танысым алданды. 3 млн теңгеге өте көп енді. Оған абай болуымыз керек қой. Осындай іс-шараны көбірек ұйымдастыруымыз керек. Елге тарату керек, осыны ел есту керек. Сонда кішкентай болса да ұғым болады. Бөтен біреу звондаса алмайық. Ең дұрысы сол ау деп ойлаймын мен өзі».

 

Интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған шара Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінде өтті. Полицейлер тұрғындарға алаяқтардың жиі қолданатын амалдарын түсіндіріп, нақты мысалдар келтірді және сақтық шаралары жазылған жадынамалар таратты. Мамандар ең алдымен бейтаныс шоттарға ақша аудармауды, растау кодтарын ешкімге бермеуді ескертеді. Есіңізде болсын: егер сізге кенеттен әлемдік жұлдыз хабарласып, көмек сұраса, бұл —  алаяқтықтың белгісі.

Ботакөз Әнуар