ОҚПУ 20-ға келді

ОҚПУ биыл 20 жылдығын тойлайды

Ел тәуелсіздігімен түйдей құрдас Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық универсиетіне биыл жиырма жыл. Айтулы датаны атап өтуде университет қабырғасында түрлі іс-шаралар өтуде.  Білім ошағының тарихы мен жеткен жетістігінен сыр шертетін кітап көрмесі мен слайд шоу, студенттер арасында ұйымдастырылған «Жастардың интеллектуалды, шығармашылық және инновациялық әлеуеттілігін дамыту» атты аймақтық ғылыми конференция соның айғағы.

«Конференцияға қаламыздағы жоғары оқу орындарының ғылыми жұмыспен айналысатын студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Олар бұл жерден өздерінің ғылыми ізденістерін дамытып қана қоймай, тәжірибе алмасады. Керек мәліметтерге қанық болады»,- дейді білім ордасының вице-президенті Мадияр Юнусов.

Анна Муриенка ОҚМП университеттің 2-курс студенті. Ол жұмысын  қазақ пен орыс ұлтының ұлттық киімдеріндегі айырмашылық пен ұқсастықты жіліктеп, жіктеуге арнаған. Жас ерекшелігіне орай киілетін бас киімдер мен комзолдар, орнамент өрнектер, тіпті түймелерге дейін зерттеу жүргізген Аннаның бұл конференцияға алғаш қатысуы емес.

«Мен студенттік ғылыми конференцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Ғылыми жұмысымда жастардың ұлттық мұраларды ұмытпай, оларды сақтап қана қоймай, қайта жаңғырту жөнінде айтып өттім және бұл зерттеу жұмыстарымды әлі жалғастырамын»,- дейді  конференцияға қатысушы студент. 

Қаламыздағы бірнеше жоғары оқу орындарынан қатысқан өзге студенттер де түрлі тақырыптарды қамтыған. Оның ішінде жастар мәселесі мен ұрпақтар жалғастығы, жаңа технология мен тарихи зерттеу жұмыстары бар. Сонымен қатар түрлі секциялар бойынша қатысқан өзге де оқушылар жастар арасындағы байланысты өзара дамытуға үлес қосты.  Ал оқу орнының 20 жылдық мерейтойы мамыр айының ортасында атап өтіледі.