Тассайлықтардың шошқа асырайтын кәсіпкерге өкпесі қара қазандай

519

Сайрам ауданы Тассай ауылдық округіне қарасты Достық ауылының тұрғындары шошқа бағатын көршілеріне наразы. Күн жылынғаннан бері Достық ауылы тұрғындарының берекесі қашты. Бейбітшілік көшесіндегі мына үйде жеке кәсіпкер оннан астам шошқа ұстайды. Мерзімінде жиналмаған қалдықтардан жағымсыз иіс айналаға мұңкіп, оған үйірілген шыбын төңіректегі санитарлық жағдайға зиын келітруде. Көрші ретінде тазалық шараларын сақтау жөнінде айтсақ, құлақ аспайды. Жақында ол кәсібін кеңейтпек сонда тіршілігіміз не болмақ дейді тұрғындар.

Гүлмираш Әбжәмиева, тұрғын: «Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Мына жерде көршіміз жеке кәсіпкер 40-тан астам шошқа ұстайды. Біреулер 100 дейді. Жаз келді, далада жүруге мүмкін емес. Сасық иістен басымыз айналады. Жақын жерде мешітіміз бар. Бұл қалай өзі. Кім оған рұқсат берген, халықтың ортасында шошқа ұстауға».

Рабиға Сәрсенова, тұрғын: «Менің жасым келген, денсаулығым жоқ. Немерелеріміз де жиі ауырады. Үйдің жанындағы шұқырға балаларымыз түсіп кетеді ме деп қорқамыз. Мұндай фермаларды халық тұратын жерден алыс жерде салу қажет емес пе?»

Мәселенің мән жайын анықтау мақсатында жеке кәсіпкерді әңгімеге тартқан едік. Одан нәтиже шықпады. Кәсіпкер өз ауламда не істеймін өзім білемін дейді. Тұрғындардың айтуынша, жеке кәсіпкер шошқаның қиын егістік жерге төгеді. Алып таста десек, дайын тыңайтқыш деп құтылады. Бұл шиеленісті шешуге ауылдық округі әкімдігі де ат салысқан екен.

Мәриям  Қалыбаева, Сайрам ауданы Тассай ауылдық округінің әкімі: «Бұл мәселені тұрғындар былтыр да көтерген жаз айларында. Сонда біз тиісті мекеме мамандарымен кәсіпкерге барып, барлық құжаттарын тексердік. Мемлекеттік акті, шаруашылық жүргізуге рұқсаты барлығы бар болып шықты. Енді жұма күні ветеринария бөлімінің маманымен өзім барамын. Санитарлық талаптарды орындамаған жеке кәсіпкерге қатысты заң шеңберінде шара көреміз».

Санитар эпидемиологтардың шешімі негізінде жеке кәсіпкерге қатысты шара көрінеді. Халықтың мұң мұқтажы тек БАҚ өкілдерінің араласуымен ғана емес, күнделікті жұмыс барысында әкімдермен шешілсе екен деген тілектерін тұрғындар жеткізді.