Төлеби ауданының тұрғыны Бақыт соңғы кездері бойкүйездікке салынды. Қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасы үнемі сары уайымның құшағында жүргені. Жұбайы Сәулемен 15 жыл бірге түтін түтетіп, үш қыз, екі ұлдың әкесі болса да, өсіп келе жатқан балаларының қамын күйттеу Бақыт үшін үлкен мұң. Екі қолға бір күрек іздеп қайда барса да тауы шағылып, жүйкесі бордай тозып қайтады. Темір тордың дәмін татып келген деген қара күйенің әсері ме, еш жерге бас сұға алмады.
Алақанына қарап отырған көзқуаныштарына таяныш болып та жарытар емес. Шаңырақта күнделікті жанжал, ұрыс-керіс әдеттегі тірлікке айналғандай. Сәуле күйеуінің балаларына зәбір көрсетіп, өзіне де ауыр-ауыр сөз айтуға құмбылдығынан қажыды. Көзіне осы күндер өмір бойы бітпейтіндей көрініп, бауыр еті балаларын төркініне алып кетуге бекінді. Осылайша күздің қоңырсалқын күнінде кикілжің арылмаған отбасының іргесі сөгіліп, ерлі- зайыпты ажырасып тынды. Олардың басқа амалдары да қалмаған еді. Бірі жалғыз қалып, бірі бес баласымен төркініне біржолата кетіп, екеуі де мең-зең күйде.
Әйелінен ажырап, жападан-жалғыз қалған Бақыт бұлай боларын түсінде де көрмеген. Қайта ілгері өмірін аңсайтындай. Күннен-күнге торығып, құр сүлдесі қалған. Күйеуін тастап, төркініне тайып тұрған Сәуленің жағдайы да бұл кезде мәз емес-ті. Әкесі өзегінен шыққан қызына кет демей, есігінің алдындағы қуыстай ғана «времянкаға» отырғызады. Шиеттей бес баласымен шағын ғана бөлмеде күнелтуге мәжбүр. Осылайша бұрынғы ерлі-зайыптылардың өмірі сүреңсіз сырғып өтіп жатты. Арада 6-7 ай сағымдай жоқ болды.
Бақыт қайғыдан мүжіліп, болашағына сенімсіздікпен қарай бастады. Жалғыздықтан жабығып, өмірмен қоштасайын десе, жанын өздігінше қия салуға батылы жетпейді. Оған енді өмірдің мән-маңызы қалмағандай. Осы сәтте Бақыт сұмырай ойға ерік береді. Қайғыдан қан жұтқан өмірін жеңілдеткісі келіп, бар кінәні әйелінен іздемекке бекінді. Балаларын анасынан күштеп тартып алуды ойлап, жайбарақат өмір сүрсем деген жалаң ойға қамалып қалса керек, сірә. Басында небір сансыраған ойлар сапырылып, ақыр соңында жоспарын іске асыру оған оңай көрінеді. Қатал өмір мен тағдырдың сынағынан жүйкесі сынған қатулы әке өз дегенін іске асыруға әрекеттенеді.
Сай-сүйегіңді сырқыратар аязды ақпанның бас кезі. Бақыт таңалакеуімде оянып, жүрегі әлденебір жамандықты сезсе де, ештеңені елейтін емес. Оған күн ұясына тығылмайтындай көрінген. Кешті дегбірсіздене, ұзақ күтті. Кешке сағат тілі тоғызға таяғанда асай-мүсейін асынып, үйінен шығады. Дәл осы мезетте қара көкшіл түсті шетел көлігінің жүргізушісімен келісіп, бейтаныс жігітке көлікті Шымкенттегі үйіне қарай жүргізуді бұйырады. Азат шағынауданындағы пәтеріне келіп, балаларының қалып кеткен киім-кешектерін алуды ұмытқан жоқ. Онымен қоса, шұбар жол сөмкесіне жасырып жүрген 1 ұңғылы 16-калибрлі шолақ мылтықты тап бір соғысқа аттанардай даярлап, беліне сүңгітіп жіберді. Мұнысы қайын атасының үйінен кедергіге тап болса, үркітіп-қорқытудың амалы. Сөйтіп, көліктегі бейтаныс жүргізуші мен жолаушы үшеуі ендігі кезекте
Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт ауылында тұратын қайын жұртына баруға қамданады. Қаһарлы әкенің көзі қарауытып, ашу-ызаға булыққан. Жолына бөгет болған кімді болсын жайратып салуға ниетті. Үшеуі мінген көлік қою қараңғы түнде, сағат 01.30 шамасында Ақмешітке қарай аяңдады. Бұл кезде қайын атасы Оразбек пен балалары шырт ұйқыда жатқан. Сәуле болса, үйде жоқ болатын. Бақытқа керегі де осы еді. Шолақ мылтығын беліне қыстырған ол дереу іске көшіп, үйдің есігін қағады. Гүрсілдеген дауыстан шошып оянған үлкен қызы Ақжарқын бейуақытта үйіне келген әкесі екенін жыға танып, есікті ашуға дауаламайды. Оның да көңілі әлденені сезіп, құйқасы шымырлап барады. Осы сәтте Ақжарқын қорқыныштан жарылардай апасына қоңырау соғып үлгереді. Жағдайды түсінген апасының да зәре-құты қашып, шалын оятады. Бұл кезде көзі қасқырдай қанталаған қанішер әке ұл-қыздарының бәрін оятып, киіндіріп жатқан. Ұйқыдан шошып оянған өрімдей бала-шаға қайтіп қарсылық көрсетсін. Әкесінің ыза кернеген ащы айғайы кішкене бөбектердің есін алады. Қаны тулаған қаніпезер әке осы сәтте шолақ мылтығымен кімді болса да жер жастандыруға құлықты еді. Бөлмеге кенеттен кіріп келген Оразбек ақсақал жағдайдың анық-қанығына осы мезетте көзі жетеді. Бөлме іші астаң-кестең. Немерелері дірілдеп, жәутеңдеген көздері араша сұраған кейіпте. 13 жасар Алма, 11 жасар Айнұр, 5 жасар Дінмұхаммед пен 3 жасар Нұрмұхаммед, бесікте жатқан Ұлжарқын қатал әкенің жосықсыз әрекетіне куә болған. Өңмеңдеп жеткен әйелінің әкесін көрген Бақыт қолындағы шолақ мылтықты қаусаған шалдың көкірек тұсына кезенеді. Қарсыласып бақса, шүріппені басуға ниеттенген ол ақыр соңында «мұның не» деген қайын атасының көкірек тұсынан гүрс еткізеді. Көкірегін мұздай оқ қарып өткен сексендегі шал сол мезетте көз жұмды. Осылайша біреудің үйіне баса көктеп кіріп, үй иесін өлім құштырған Бақыт лезде оқиға болған жерден ғайып болған. Алайда қылмыскер бәрібір әділетті сот таразысынан құтыла алған жоқ. Полицейлердің құрығына ілініп, сот залында 14 жылға бас бостандығынан айырылғанын естіген кезінде өзінің не істегенін ұғынған еді.
PS: Белгілі себептерге байланысты кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді. Оқиға мен мекенжайлары нақты деректер бойынша сақталды. Деректер ОҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Райымхан Заппаров пен облыстық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің көмегімен алынды.