Оңтүстікте жас жұбайлар «гулянканы» қайырымдылықпен өткізді

Жастар көмек қолын созуда

Оңтүстікте жастар арасында ерекше дәстүр бастауын алды. Соңғы кездері үйлену кешінде қымбат бағалы лимузиндер мен өзге де қымбат темір тұлпарларды жалға алып, қоғамдық көліктердің қатынауына да кедергісін келтіріп, қыдыруға шығатын жастар қайырымдылық іс жасауға көшуде.

Қаншама көліктерге отырып, демалып, көңіл көтеретін кафе, мейрамханаларға қаржыны шығындамай, есесіне жиналған ақшаға әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке зәру адамдарға ұн, май, күріш, қант, шай сияқты тұрмыстық заттарды сатып алып, көмек қолын созуда. Олар осылайша ақшаның ысырап болмай, пайдалы іске жұмсалғанын қалайды.

Некесін қиып, отбасын құрған жас жұбайлар Елдос Қалшабеков пен Мөлдір Қосбармақова  үйден ата-ананың ақ батасын алып шыққаннан кейін жора-жолдастарымен бірге бірден қаламыздың шетінде орналасқан «Достық» шағын ауылына қарай тартып кетті. Өмірімізде бір ақ рет болатын үйлену кешімізде қыдырып, ұмытылмастай өзкізбейтін болдық деп ренжіген ешкім жоқ. Құрбы-құрдастары да бір ауыздан бұл іске жұмыла кірісті. Көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен бірнеше үйге кіріп, бір қап ұн мен қажетті заттарды ұсынып, үлкендердің ақ батасын алып шықты.

«Той-деген сөздің мағынасы адамдардың тоюын білдіреді. Тек той жасап жатқан той иелері мен қонақтар ғана емес, бұл күні жоқ-жітімдер мен көмекке мұқтаж жандар да тойып тамақ ішу керек. Той халықтың қазынасы деп, бір емес бірнеше  отбасын тойдырып, шамамыз келгенше көмек көрсетсек, соның өзі біз үшін үлкен сауап. Біздің жаңадан  өміріміз сондай үлкен кісілердің батасынан , мұқтаж адамдардың дұғаларынан бастау алып жатыр. Сондықтан жора-жолдастарымызбен бірге бұл істі жалғастырамыз деген ойымыз бар»,- дейді Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры мен облыстық қуыршақ театрында жұмыс атқаратын жас отбасы Елдос пен Мөлдір.