Оралмандар: «Квота ала алмай, тірлігіміз түрленбей жатыр»

261

Оралмандардың квота мәселесі қашан шешіледі, алаяқтарға алданғандар кімнен әділет сұрайды? Осы және өзге де шешімін таппаған сауалдарымен тұрғындар «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының қоғамдық қабылдауына келді. Бұл жолы қоғамдық қабылдауда депутаттармен бірге құқық қорғаушылар, прокуратура өкілдері болды.

Шымкент қаласының тұрғыны Аманкүл Исаева екі жылдан бері әділдік іздеп, тауы шағылып жүр. Сеніміне кіріп алған танысы Исаева үй-жайының құжаттарының бәрін өз атына аударып, сенімхат жаздырып алады. Содан бері не ақша, не баспана ала алмаған зейнеткердің ендігі үміті «НұрОтанда» деп келіпті.

Аманкүл Исаева, зейнеткер: «Екі жылдан бері соттасып жүрмін. Адвокатым да бұл істі жауып тастады деп отыр. Осыдан кейін ауру таптым. Үй де жоқ. Ақша да жоқ. Кімге барып қайран сұраймын?!»

Аңғалдығымен адамдықтан ада адамдарға арбалған ананың бұл шағымына білікті мамандар заң шеңберінде жауап берді.

Еркін Отарбаев, ОҚО сот хал-актілерін орынду депатаменті бастығының орынбасары: «Ешқандай тілхат жазып алмағаныңыз өкінішті. Мұндай бір ғана элементпен қылмыстық іс қозғалмайды. Егерде сіз секілді зәбір көрген  2-3 адам бірігіп арызданса, онда мәселе басқаша болар еді».

«Нұр Отаннан» пана іздеп келгендердің қатарында оралмандар да болды. Квтоа ала алмай, тірлігіміз түрленбей жатыр деп шырылдайды қандастар.

Әлжан Бақтыбайұлы, оралман: «Біз ОҚО-дағы барлық оралмандардың атынан келіп тұрмыз. Квота тоқтатылып тұрғаннан соң  ешқандай тірлік қыла алмай, далада қалдық десе де болады».

Ал, шет ел асып, көлік тасымалдап күнелтпекші болғандардың да шарасыздықтан амалы қалмаған. Облыс бойынша 940 автомашинаның бар салығын төлеп, мемлекеттік нөмір ала алмаған олар екі айдан бері осы ғимараттың табалдырығын тоздырып жүр.

Иса Мамедов, автокөлік тасымалдаушы: «Бізге енді бөлшектеп сат та күнің көр дейді. Несие алғанымыз бар, бала-шағамызды қалай асырамақпыз. Біз шекара асып кетерде ескертуге болар еді ғой. Көлікті бөлшектеп сатып шығынға батамыз. Қайдан әділдік табарымызды білмейміз?»

Мың сенім, бір үмітін арқалап келгендердің әрқайсысы сұрағының оң шешім табарына ниетті.