Ордабасыда құтыру ауруынан бір адам көз жұмды

309

Ордабасы ауданында құтыру ауруынан бір азамат көз жұмды. Айықпас дертттің құрбаны болған 26 жасар жігітті бір жыл бұрын ит тістеп алған. Аудандық аурухана дәрігерлері сол кезде қажетті ем-дом жасаған. Бірақ құтырудың инкубациялық кезеңі 1,5 жылға дейін жүретіні белгілі.

Науқас дерті дендегенде барып емдеу мекемелеріне келді деп отыр дәрігерлер. Ауруханаға өз аяғымен жүріп келген атпал азаматынан айырылып қалған туыстарының дәрігерлердің қызметіне күмәні көп.

Бүгін «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының қоғамдық қабылдауына ұлынан айырылған әке назын айта келді.

Әкімбай Алдияров, шағымданушы: «Дәрігерлерге ашу ренішімді жеткізе алмаймын. Адам өліп отыр ғой, мал емес. Ұлымның өлерінен бір күн бұрын дәрігерлер барлық қажетті дәрілерді қабылдадық. Құтырудың алдын-алатын препараттар егілді дегізіп қол қойдырып алған. Мұны қалай түсінеміз? «НұрОтаннан» көмек сұрап келіп отырмын».

Берген Ержаппар, Ордабасы ауданының прокуроры: «Бұл іс бойынша қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру сараптама жұмыстарының қорытындысы бойынша дәрігерлер тарапынан қателіктер болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қалай болғанда да бұл тексеруді бақылауымзда ұстап, қорытындысымен өздеріңізді таныстырамыз».