Сахна саңлағы Айша Абдуллинамен сыр-сұхбат

491
Айша Абдуллина бүкпесіз сыр ақтарды

Айша Абдуллина – 1916 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, «Қызыл октябрь» өлкесінде туған. Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Парасат» , «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Сахна саңлағы Айша Абдуллинаның 95 жасқа толған торқалы тойы кешегі аптада дүркіреп өтті. Атаулы кешке еліміздің түкпір-түпірінен қонақтар келді. Осынау мерейтой қарсаңында апамызбен жүздесіп, сұхбаттасудың реті әзер түсті. Айша Төкебайқызы мені көрген бойда көз алмай бастан аяғыма дейін өткір көзімен бір шолып шығып, отыруымды өтінді. Сәлемім мен құттықтауымды қабыл ала салысымен, сұхбат жүргізуге ыңғай танытқаным сол, көпті көрген апа сыр ақтарды.

  • Қиыншылықсыз рахат жоқ” деген емес пе?! Қиыншылық көп көрдім. Өткеніме көз жүгіртсем болды, қиыншылықтың құрсауында өскенім есіме түседі. Мен тіпті анамның да көзін көрмедім, суреті де жоқ, — деп көзіне мұң ұялаған кейіпкерімнің жүзі мұңға оранды. Бүгінгі көңіл күйін бұзғым келмей сөзді өзге тақырыптарда өрбіткім келгенімен, ана іштегі жатқан шерін босатқысы келді ме, әйтеуір сөзін сабақтай түсті. — Бұл аз десеңіз күйеуімнен де ерте айырылдым. Көзім тіріде айырылғым келмеді, бірақ “халық жауы” деген атақ біздің жолымызды екіге айырды. Жастайымнан егін егіп, қырманда жүрдім. Өгіз арба айдап, жалаңаяқ су кешіп “мынау әйелдің ісі немесе ердің жұмысы” деп бөліп-жармай жұмыс жасадым. Бұның өзі – бізге бақыт еді. Кейін анау, 50-жылдар болса керек “грузовой машинаға” жеттік қой. Сонда біз бүгінгілер секілді, “Ойбай біз мынау арбаға отырмаймыз, грузовой машинаға отырмаймыз” деп шағым айтпағанбыз. Қарап отырсам, сол күндерімнің өзі бір қызық өмір екен ғой. Сондағы қуанышымызды көрсең… Гастрөлмен Ташкентке грузовой мәшинемен барушы едік, сондағы парақшалармен қоршаған ортаға шығып өнер көрсететінбіз. Сонда алдыңғы жағында тақтайларды төсейтін, ол жағына әйелдер отырамыз. Бізден кейін ерлер, соңында декарация. Ал қазіргі жастар бақытты. Астарында көлігі бар. Лайым бақытты ғұмыр кешсін! Өнер жолында да қиыншылық көп болды ғой, деп күрсінген Айша Төкебайқызы терезеден көз алмай әңгімесін жалғастырды. — Ол кезде театрлардың басынан көп қиыншылық өтті. Тіпті жаяу жүріп ел-елді аралаған да кездеріміз болды ғой. Неше түрлі арбаға да отырып, өнердің өміршеңдігін дәлелдедік”, — деп сөзін тәмамдады.

Талай бейнелерді шебер сомдап, қазақ театрында аты алтын әріппен жазылып, өмірі аңызға айналған анаға қарап жанымды мақтаныш кернеді. Жасы ғасырды алқымдаса да сахнадан түспеген кейіпкеріме тәнті болдым. Сахнадағы 70-тен астам жылында 200-ден аса рөлдерді шебер сомдаған өнер майталманының өнер жолын еске түсіргім келіп, сомдаған ең сүйікті рөлі жайында сұрадым. Байқағаным, сахна дегенде жүрегі алып ұшатын ананың, жаны жадырай түсті. — Мен ең алғаш жазушы Мұхтар Әуезовтың “Еңлік-Кебегіндегі” Еңліктің рөлін ойнадым. Қойылым өте сәтті шықты. Сондықтан, жаныма жақын, ең ыстық әрі сүйікті рөлім Еңліктің бейнесі болып қалады. Содан кейін, “Қобыландыдағы” Құртқа болдым. “Современный” қыздардың да рөлін сомдап шықтым. “Ревизорда” да маған Мария Антоновнаның бейнесі бұйырды. Айта берсем көп қой, сахнада Ғабит Мүсіреповтың “Қыз Жібегіндегі” — Жібектен бастап, Уйльям Шекспирдің “Оттелосындағы” — Дездемонаның рөлін де шебер ойнағанмын. Әрине, мұның барлығы да үлкендердің көмегімен жүзеге асты. Әйтпесе Дездемона дегенің – ағылшын қызы ғой. Қазақтың қарапайым қызы ағылшын қызының жанын қайдан ұқсын?! Міне, осы қасиеттердің барлығын ұқтырып, түсіндірді. Мәселен, бізде Бадыров Қапан деген әртіс болды. Ол менімен бірге Оттелонын рөлін ойнаушы еді. Осы Қапанның әйелі бізге мұғалім болып, сабақ берді. Сонда әйелі екеуі маған Дездемонаның болмысын айтатын. Соны құлағыма құйып, сахнада сомдағанда еш қиындық тумады, деген халық әртісінің есіне қызық оқиғасы түскендей, ойға шомып күлкіге ерік берді. Осы кезде байқағаным, көз айналасындағы әжімдерінің өзі кәрілікті жеңдірмейді. Дөңгеленген көзінде – тұңғиыққа толы сыр жатыр. Ерекше мөлдіреп, сәуле шашып тұрады. Жүзіндегі сұлулық мейірбан мінезімен серік болып, халық әртісі екендігін айғақтайтындай. Сахнаның сырын терең меңгерген кейіпкеріме, дәл қазір рөл берсе де нақышында орындап беретіні көрініп тұрды. Осы кезде ойыма Айша Абдуллина – әртіс болмағанда кім болар еді деген сауал келді. Сахнаны шексіз сүйетін кейіпкерімнен осылай сұрадым. Терең тыныстап алды да, нұрлы жүзі күлімдеп айта жөнелді.

-Шынымды айтсам, мен өмірімде әртіс болсам екен деп армандаған адам емеспін. Осы күні қарап отырып, мен неге осы әртіс болдым екен деп өзім қайран қаламын. Ал әртіс бомағанымда үй шаруасындағы әйел болар едім де, деген апа сөзі өзгеше шықты. Соған қарап-ақ кейіпкерімнің өз өмірін сахнасыз елестете алмайтынын бірден ұқтым. Театр өнеріне қалай келгенін өз аузынан естігім келіп, сұрағанымда, кідірместен — Сол 1933 жылы ғой енді біз Ташкентте тұрдық. Ашаршылық жылы болды, анау болды, мынау болды, сөйтіп жүріп Алматыға қайтып келдік. Сонда өзімнен 2 жас үлкен ағайым бар еді. “Айша музыка үйренеміз, пианино үйренеміз деп” Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрға ертіп барды. Сөйтіп театрдың танымал тарландары мен ондағылар маған ән айтқызып, би билетіп, кітап оқытқызып көрді. Қасымдағы ағайымнан емтихан алды. Мен тіпті не болып жатқанынан да хабарым жоқ, сөйтсем әртістіктің оқуына қабылдау үшін тапсырылған емтихандар екен ғой. Айтып отырғанымдай, мені әжем тәрбиелеген. Алғашында “Әртіс болу деген не сұмдық бұл? Бұзылып кетеді” деп байбаламға салды. Оқудан шық та-шық деп ұрысты. Сөйтіп аға ұстаздарға келіп айттым, әжем рұқсатын бермей жатыр деп. “Ол кісі бұл өнерді түсінбейді, үндемей оқып жүре бер. Кейін түсінген соң, әлі-ақ сенімен мақтанатын болады “ деді. Міне, академиялық драма театрдың жанындағы екі жылдық студияны тәмамдап, осылай әртіс болып кеттім – апа осылайша сөзін ентіге аяқтады. Бұл айтқандарынан кейіпкерімнің тағдыр жазуын ұққандай болдым.

  • — Ал нағыз әртіс болу үшін адам бойынан қандай қасиет табылуы маңызды дегенімде,

    — Ең алдымен шыдамдылық, талант пен тәжірибе деп халық әртісі қысқа әрі нақты жауап берді. Заманында Бейімбет Майлиннің өзі маңдайынан сүйіп батасын берген Айша апаның өмірі өнермен тұтас болуы да орынды деп ойлағаным сол – есікті қаққан кеш жүргізушісі сахнаға шығуға дайындалуын өтінді.

    Сол арада сізге сыйға тартылып отырған су жаңа теміртұлпарды не істейсіз деп сұрадым, өмірге құштар Айша Төкебайқызы ойланбастан, — Немерелеріме беремін, олар әжесінің сыйын қабыл алады, немерелерімнің барлығы да шетелдерде білім алуда, болашағының жарқын болатынына сенемін — деді, “Баладан немере тәтті” демекші Айша апа немерелерін айтқан кезде, жүзінен мақтаныштың лебі байқалды. Әңгімеміз әрмен отбасы жайында өрбіді. — Қызым Айгүл мен күйеубалам Сейіт Бішкек қаласында тұрады. Бүгінде 3 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Олардың балдай тәтті қылықтарынан артық ештеңе жоқ мен үшін, деп немере-шөбересін айтқан Айша Төкебайқызының жүзіне шаттық ұялады. Сахнаның саңлағы сыр ақтарып отырып, айнаға қарауды да ұмытпады. Көп ұзамай сахна төріне көтерілді. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев Айша Абдуллинаға құрмет көрсетіп, темір тұлпардың кілтін табыстады. Екі ғасырдың куәгері, екі толқынға өнеге болған халық әртісіне қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Өнер майталманы 65 жылдан астам өмірін өңіріміздегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында өткізді. Сондықтан бүгінгі торқалы тойы да дәл осы сахнада тойланды. Сахнада да орынды сөйлеп, оймақтай ойын бүкпесіз жеткізген халық әртісіне жиналған көпшілік орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел мен жауынгерге мәдени қызмет көрсеткен өнер майталманының сахнадағы қойылымдары қазақ театрының қайталанбас құнды бейнесі болып қала берері анық.

Тарихтың тағылымды беттерін толықтыратын бұл күні Айша Абдуллинаның әншілік өнері мен сахнадағы сомдаған рөлдерінен хабардар ететін көрме де көпшілік назарына ұсынылды. Өткеннен сыр шертетін құнды суреттері ілінді. Әйел заты болған соң, дәл ортада айна алдына қойылған косметикалық заттарға көзім түсті. Барып қарасам, дәл өзіміз жағып жүрген заманауи фирмалардың өнімдері. Әрине, сахнаның сұлулықты талап ететінін білетін халық әртісі жасы 95-ті алқымдаса да сахнаның заңына бағынады. “Жұғысты болсын” деген ырымды көңілге түйіп, опасын бетіме жалатып өтіп, жөніме кеттім.