Биылғы жаз маусымында Шымкент қаласында 120 орында бау бақша өнімдерін сатуға болады. Бұған қатысты қала әкімінің арнайы қаулысы шықты. Құжат Әділет басқармасында тіркелуге жіберілген. Соған қарамастан қала көшелерінде қауын, қарбыз сататындар көбейіп барады. Бүгін еңбекші аудандық әкімдігінің өкілдері көше бойын саңсыз сауда қатарына айналдырған жерлестерімізге түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шықты.
Қаладан Сайрам ауданына бағытталған жол бұрыннан-ақ жаз айларында базарға айналатын орындардың бірі. Биыл да сол жерде сауда қызып тұр. Аудан әкімдігі бұл орындарды маусымдық өнімдерді сатуға болмайды деген тізімге енгізген. Дегенмен, алып-сатарлар жылдағы әдетіне қайта кіріскен.
Қала әкімінің қаулысына сәйкес, Шымкент қаласында 120 орын маусымдық өнімдерді саудалау мақсатында арнайы белгіленді. Бұл орындар аудан әкімдіктерімен келісілген. Сол себепті Еңбекші ауданының әкімдігі заңсыз деп саналатын орында сауда жасауға болмайтынын ескертіп, бейберекет сауда жасаушылармен күреспек.
Биылғы жылғы маусымдық өнімдерді сату орындарында тағы бір ерекшелік бар — олар бір үлгіде болуы тиіс және көлік қозғалысына кері әсер ететін жерлер тізімге енгізілмеген.