Сотты болған азаматтар жұмыспен қамтылуда

410
сотталғандар қоғамнан шеттетілмеуі керек

«Салауатты өмірге апарар жол» жобасы аясында бұрын сотты болған азаматтар жұмыспен қамтыла бастады. Жыл басынан бері темір тордан босап шыққан 105 адамның 20-сы тұрақты жұмысқа орналастырылса, 25-сі әлеуметтік жұмысқа жолдама алды. Ал 3 азамат қайта оқытылуда.

3 жыл бойы темір торда тоғытылып келген Нұрмаханның бостандыққа шыққанына 3 ай болды. Осы уақыт аралығында жұмыс іздеп, сал болған. Жалғыз оңалту орталығы ғана көмек бере алыпты. Қазір, қаламыздағы жеке өндіріс орнынан да қызмет атқарады, жалақысы 60 мың теңге.

Нұрмахан: «Осы жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын. Біз сияқты сотталған азаматтарды кім алады дейсіз? Орталықтың көмегінің арқасында жұмысбасты болдым. Әріптестеріммен қарым-қатынасым жақсы. Айлығымда өзіме жетеді. Енді өмірлік серігімді тауып, үйленсем ба деймін. Өткен іс өтті, өкінемін. Бәрақ өмір қайта жалғасуда».

Бұрыңғы сотты болған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін түйіндеме дайындап, құжаттарын даярлап беретін орталық жұмысқа орналастырған соң да, жіті қадағалап тұрады. Еңбек нарығында сұранысқа ие болып отырған әмбебеп жұмысшы мамандығын темір тордан шыққандар таңдамайды дейді мамандар.

Әсет Мырзаханов, әлеуметтік бейімдей орталығы бастығының міндетін атқарушы: «Олар жұмыс таңдамайды. Табылып жатса, құжаттарын даярлауға көмектесеміз. Жұмысқа орналасқан соң да, жұмыс беруші мекемеге арнайы барып, оның тәртібімен танысып тұрамыз. Құқығының тапталмағанын қадағалаймыз».

Десе де, бұрыңғысы бұлыңғыр азаматтарға мемлекеттік мекемелер есігін айқара ашпайды. Тек жекеменшік кәсіпорындар ғана бос орындарын ұсынуда. Осыдан барып, пилоттық жобасы енді ғана басталған бағдарламаның барысын бағамдап көріңіз.

Жадыра Дәуренбеков, жұмыспен қамту орталығының бөлім бастығы:«Сотталған және сотталмаған деген алалаушылық бізде жоқ. Арнайы меморандумға отырған 300 мекеменің сұранысы бойынша азаматтарды әлеуметтік жұмысқа орналастырып жатырмыз. Еңбек нарығына сай қайта оқытып, кәсіби-техникалық мамандар даярлаймыз».

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жоба барысында бірқатар сотты болғандар жұмысбасты болып үлгерді.