Прокурорлар тағы бір заңсыз істің бетін ашты. Толығырақ тоқталсақ, Шымкенттегі 21-шағынауданда орналасқан «Қуатжылуорталық-3» МКК «Бойлер» цехында әр айдың басында жұмысшыларға айлық жалақы таратады. Осы мәліметті алдын ала білген Е.Тобашев пен А.Самуратов бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлау мақсатында, таныстары Е.Б. мен С.К. кездесіп, қылмыстық жоспар түзеді.
Содан, 2011 жылдың қараша айының 4 күні сағат 09:00 шамасында қылмыстық топ медициналық бетпердеде «Бойлер» цехындағы есепші Б.Бакированың бөлмесіне жалақы алуға кірген цех слесары Ұ.Өтегеннің артынан ілесе кіреді. Есепшіге шолақ мылтық кезеп, жұмысшылардың айлық жалақысы салынған пакетті алады. Және оларға пакетті алуға қарсылық көрсеткен цех слесары Ұ.Өтегеннің сол аяғынан Е.Тобашев қолындағы шолақ мылтықпен 1 рет оқ атып, ауыр жарақат салған. Сөйтіп, ол оқиға болған жерден бой тасалайды.
Бұл қылмыстық іс-әрекеттерден «Қуатжылуорталық-3» МКК-на ірі мөлшерде 3 235 200 теңгеге материалдық залал келтірілген.
Аталған қылмыс оқиғасы бойынша қозғалған қылмыстық іс Е.Тобашев пен А.Самуратовты ҚР ҚК-нің 251 бабы 1 бөлігімен (атыс қаруын, оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, тасымалдау, алып жүру) және 179 бабы 3 бөлігі «в» тармағымен (қарақшылық) айыптау қорытындысымен сотқа берілді.
Осы жылдың 28 мамырында қылмыстық іс Әл-Фараби аудандық сотында қаралып, Е.Тобашевқа ҚР ҚК-нің 179 бабы 3 бөлігінің «в» тармағымен айыпты деген үкім шықты. Осы баппен оның мүлкін тәркілеп, түзеу колониясының қатаң режимінде жазасын өтеуге 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ал, А.Самуратов ҚР ҚК-нің 179 бабы 3 бөлігінің «в» тармағымен айыпты деп танылып, осы баппен мүлкін тәркілеп 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режимде өтеуге үкім шығарылды.
Сонымен қатар, сот үкімімен жәбірленушілер «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің 3 235 200 теңге өндіру туралы және Ұ.Өтегеннің талап арызы қанағаттандырылды, олардың пайдасына сотталған Е.Тобашев пен А.Самуратовтан ортақ түрде өндірілетін болатынын айтады Әл-Фараби ауданы прокурорының көмекшісі Майра Мұқашова.